Шахида ЖҰМАН, Маңғыстау
«Мигрант» шарасы басталды
Оқуға 1 мин
Көліктегі ішкі істер департаментінің талабы бойынша Ақтауда ақпан айының 15-17 аралығында «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасын жүргізілуде.
Ақтау станциядағы желілік ішкі істер бөлімінің көші-қон полиция тобы тарапынан ағымдағы жылдың басынан бастап ҚР халықтың көші-қон саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін 32 шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Соның басым бөлігі жолаушылар пойызында анықталған.
– Жыл басынан мұндай көрсеткіш, аз емес. Сондай-ақ, көші-қон полиция тобының міндетіне сай Бейнеу станциясы арқылы транзитпен өтетін халықаралық бағыттағы жолаушылар пойыздары мен Ақтау қаласындағы әуежайда шетел азаматтарының ҚР заңдылықтарын сақтауын, елімізге келу, тұру ережесінің бұзбауы бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда. Ағымдағы жылғы жедел шараның бірінші күні түске дейін 10 шетел азаматының ҚР аумағында жүріп-тұру ережелерін бұзғаны анықталды. Оның 8-і Бейнеу станциясында, 2-еуі халықаралық әуежайда кездесті, – дейді Ақтау станциясындағы ішкі істер желілік бөлімінің көші-қон полиция тобының аға инспекторы Асылбек Юсупов.
Осындай заң бұзушылықтардың жолын кесу мақсатында ұйымдастырылып отырған «Мигрант» жедел шарасына желілік ішкі істер бөлімінің 20-ға жуық қызметкері жұмылдырылған.