Ерман ӘБДИЕВ, Жамбыл
Қала маңы тасымалы қайта қосылды
Оқуға 2 мин
Жаңа жылдың басынан бастап «Жамбыл – Шу» бағытындағы қала маңы тасымалы қалпына келтірілді. Облыс әкімдігінің әлеуметтік тапсырысы аясында іске қосылған бағыт үшін жергілікті бюджеттен 40 миллион теңге бөлініп отыр.
Тапсырыс беруші облыс әкімдігі болса, орындаушы «Жолаушылар тасымалы» АҚ еншілес «Eurasian trade company» ЖШС. Қазір «Жамбыл – Шу» бағытында қала маңы тасымалы аптасына үш рет қатынайды. Яғни, сенбі, жексенбі, дүйсенбі күндері жүреді. Пойыз Шу станциясында жасақталып, таңғы 07.00-де Жамбылды бетке алып, сағат 11.12-де облыс орталығында болса, кері уақыты 14.39-да Шуға бағыт алып, 16.41-де Шуда болады. Билеттің бағасы да қолжетімді. Тараздан Луговой станциясына дейін 215 теңге, ал Шуға дейін 429 теңге.
–Осы бағыт іске қосылғалы 331 өңір тұрғынынан ризашылығын білдірген хат алып отырмыз. Енді аймақ тұрғындары бұл бағыт аптасына жеті күн жүрсе деген тілек айтады. Сондай-ақ тұрғындар «Жамбыл – Шу» бағытындағы пойыздың Тараз бен Шу аралығындағы Қорағаты, Тәтті станцияларына да тоқтаса деген өтініштерін жеткізуде. Әрине, сонау Шудан облыс орталығына келетін азаматтар пойыздың жұмыс уақытына ыңғайлы болса деген тілектерін де жеткізіп отыр. Өйткені, тұрғындар үшін таңғы 05.00-де Шудан шыққан пойыз 09.00-де Таразда болғаны ыңғайлы. Сондай-ақ, кешкілік Тараздан Шуға пойыз 17.00-де шықса дейді олар. Өзіңіз білесіз Меркі ауданындағы Қарасу ауылы болат жолдың бойына орналасқан. Ауылда елу шақты отбасы тұрады. Және осында күзетілетін темір жол өткелі бар. Тұрғындар жоғарыдағы пойыз осы өткелге де аялдаса дейді. Біз бүгінде облыс тұрғындарының осы өтініштерін жергілікті билікке жеткізіп отырмыз. Бағыттың іске қосылғанына екі ай өтті. Амандық болса, алдағы уақытта облыс әкімдігі жоғарыда айтып өткен тұрғындардың өтініштерін қанағаттандырады деген сенімдемін, – дейді «Eurasian trade company» ЖШС директорының орынбасары Назира Майлыбаева.