Нұрсая НҰРЛАНҚЫЗЫ
Транзит 2 млн контейнерге жеткізілмек
Оқуға 2 мин
Мемлекет басшысы кезекті жолдауында осындай міндет қойып отыр. Ал ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек елдегі контейнер тасымалы 2011 жылмен салыстырғанда 11 есе өскенін айтты.
–Елбасы айтқан 2 млн контейнер бүгінгі күннің қарқынымен есептеліп отыр. Ең бірінші, бұл Қытай – Еуропа – Қытай бағыты. Бұл – өте күрделі, үлкен міндет. Соңғы жылдары Еуропадан кері жүк тиеу пайда болды. Бұрын негізінен Қазақстан арқылы Қытайдан Еуропаға тасымалдаған болсақ, қазір біздің көліктік инфрақұрылымға деген сенім күшейді. Жүк кем дегенде екі аптада, 10-13 күн ішінде жеткізіледі, бұл көптеген жүк жіберуші мен жүк алушының көңілінен шығып отыр. Ал теңіз арқылы тасымалдайтын болса, онда уақыт та көп кетеді, ара қашықтық та тым алыс болады. Шұғыл жеткізілетін жүктер бар. Оларды ұшақпен жеткізу қымбат, сондықтан Қазақстан арқылы тасымалдау бұл жолы бәсекеге қабілетті. Соңғы уақытта жүк тасымалдаудың негізгі тренді – контейнерлік тасымал. Біздегі жүк тасымалдау құрылымында – көмір, астық және тағы басқа тасымалданатынын көріп отырмыз. Контейнерлік тасымал жасау – экономикалық жағынан өте тиімді. Қазіргі біздің тартып отырған транзит темір жол, инфрақұрылымды дамытуға қатысты мәселені шешуге мүмкіндік береді. Яғни біз үшін транзит – өте қуатты нәрсе, сондай-ақ біздің логистикадағы басымдығымыз,– дейді министр «Атамекен бизнес ченел» порталына берген сұхбатында.
Қазақстан – Қытайдың жалпы өткізу қабілеті бойынша осыдан 2-3 жыл бұрын жаңа Қорғас шекаралық өткізу іске қосылды. Бүгінгі таңда бес шекаралық көліктік өту жүзеге асырылып отыр. Сонымен бірге Қазақстан арқылы Еуропадан Қытайға авиациялық көлікпен жүретін транзиттік жолаушылар легі артуда. Темір жол, көлік және әуежайдағы өткізу қабілеті қойылған мақсатқа жетуге мүмкіндік бермек.