Райхан РАХМЕТОВА
Су тасқынына бақылау күшейген
Оқуға 2 мин
Қазақстандағы темір жолдар мен автокөлік жолдары су тасқыны кезеңінде тұрақты бақылауға алынатын болды.
Үкімет отырысында биылғы су тасқыны кезеңіне арналған шаралар жоспары бекітіліп, ол бойынша комиссия жұмысы ұйымдастырылғанын баяндаған ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, мысалы пойыздардың үздіксіз әрі қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету, сеңді дер кезінде өткізу үшін жолдар мен жасанды имараттарды дайындау мақсатында 383 вагоннан тұратын тасқынға қарсы 42 пойыз жасақталғанын айтты. Бүгінде 110 вагон құрастырылып, жер-жерде дайын тұр.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ барлық филиалдарында, бірінші кезекте қажетті отын, жанар-жағар май тағы басқа материалдардың қоры бар. Көпірлер астында мұз кептелісін жою үшін оларды уату бойынша бұрғылау-жару жұмыстарын жүргізу мен қар көшкіндерін құлату бойынша келісімдер жасалған. Қауіпті жерлердің тізімі жасалған. «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалдарының директорларының нақты әрекеттері айқындалған, аумақтық ұйымдармен бірлесіп су қоймаларына комиссия тексеру жүргізуде.
Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында да бақылау күшейеді. Бүгінде 1 284 автожол көпірі мен 14 686 су жүретін құбыр бар. Қазіргі кезде тәулік бойғы диспетчерлік қызмет ұйымдастырылып, автомобиль жолдарында күн сайын кезекшілік жүргізілуде, сонымен қатар 496 қауіпті учаске, 967 құбыр мен 157 көпір бақылауға алынған. Бекітілген жоспарға сәйкес су тасқыны кезеңінде жұмыстарды уақытылы ұйымдастыру үшін қажетті құрылыс материалдары мен конструкциялары әзірленген. Қазіргі таңда су жүргізу құбырын ашу бойынша жұмыстар жасалуда.