Жансая ШЫҢҒЫСХАНҚЫЗЫ
Сенімді серіктес болмақ
Оқуға 1 мин
Апта басында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшысы Қанат Алпысбаев Ханойда Вьетнамның көлік министрі Чыонг Куанг Нгия мен «Вьетнам темір жолы» МК Бас директоры Ву Та Тунгпен кездесті.
Тараптар Қазақстан мен Вьетнам арасындағы көлік саласындағы серіктестікті дамыту туралы уағдаласып, өзара халықаралық тасымалдау мен логистикалық қызметті белсенді жүргізу жайы да талқыланды, деп хабарлайды ҚТЖ баспасөз қызметі.
Ендігі кезекте Қазақстан Вьетнамнан Қытай арқылы келетін тауарларды жасақтап, тарататын орталыққа айналып, өнімдерді Еуразиялық экономикалық одақ пен Еуропаға шығаруды және кері қарай тасымалдауды да қарастырмақ.
Сондай-ақ, Вьетнамның Дундань шекаралық өткелінен Қытайдың Пэнсен – Достық және Қазақстанның Алтынкөл станциялары арқылы Орта Азия, ЕЭО, Еуропаға шығарады. Сонымен қатар, ЕЭА мен ВСР арасындағы еркін сауда айналымы жөніндегі Келісімге сәйкес, 2020 жылдарға дейінгі сыртқы тауар айналымын 4 млрд доллардан 10 млрд долларға жеткізу көзделіп отыр.
Алғашқы қанатқақты жоба бойынша Қазақстан тарабы қазақстан-қытай контейнерлік терминалын пайдалана отырып, Ляньюньган порты арқылы Хошиминге бидай жеткізгені белгілі.
Басқосуда «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен «Вьетнам темір жолы» МК арасындағы серіктестік туралы Меморандумға қол қойылды.