Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Тереңөзек
1,5 млн қаржы жиналды
Оқуға 1 мин
Ірілендірілген Қызылорда жол дистанциясының жол монтері Абай Абдраевтың баспанасы өткен жылдың соңында тосыннан шыққан өрт салдарынан түгелдей өртеніп, отбасындағы 9 адам далада қалған болатын.
Үйдің үлкені теміржолшы, Қызылорда жол дистанциясының жол монтері Абай Абдраев еді. Әп-сәтте баспанасыз қалған әріптестеріне дистанция ұжымы, кәсіподақ ұйымы болып алғашқы көмек қолын ұсынды. Жол дистанциясының директоры Дүйсенбай Әбдиев үй-күйсіз қалған жандарды кентте тұрған бос пәтерге кіргізіп, пәтер ақысын ұжым болып төлеуге кепілдік жасады. Ал кәсіподақ ұйымы комитететінің төрайымы Ғалия Ноғайбаева «Нұр Отан» партиясы ұйымдастырған «Қайырымдылық – асыл қасиет» акциясына арнайы қатысып, А.Абдраевтың отбасында болып, азық түлікпен бірге ұжым атынан 100 мың теңге ақшалай көмек көрсеткен болатын.
Жуырда «Теміржол» партия филиалы төрағасы Аманкелді Арысбаевтың бастамасымен шұғыл кеңес отырысы өтіп, онда жол монтерінің отбасында орын алған жағдай сарапқа салынды. Кеңесте қақаған қыста үйсіз қалған зәру жандарға көмек ретіңде А.Абдраевтың есепшотына 1 сағаттық еңбек ақыларын аударуға келісім жасалды. «Нұр Отан» партиясы «Теміржол» филиалының ұйымдастырумен өткен қайырымдылық акциясы нәтижесінде бөлімшеге қарасты мекемелерден жиналған 1млн 591мың 700 теңге көлеміндегі қаржылай көмек мұқтаж жандарға табыс етілді.