Асқар АҚТІЛЕУ, Ақтөбе
Кәсіподақта да өзгеріс бар
Оқуға 2 мин
Темір жол саласында болып жатқан құрылымдық өзгерістер кәсіподақ қызметін де айналып өтпейді. Бүгінде жүк тасымалының Ақтөбе бөлімшесінде бірнеше кәсіпорында кәсіподақ жұмысындағы өзгерістерге қатысты жиындар өтті.
Айталық, жүк тасымалы бөлімшесіне біріккен құрылымдардың кәсіподақ ұйымдарының жұмыстары да бір арнада тоғысатын түрі бар. Бөлімшеге қарасты кәсіподақ комитетінің төрағасы Қанат Әлмахановтың айтуына қарағанда, бүгінге дейін кәсіподақ жұмысына қатысты жиындар Ақтөбе локомотив пайдалану депосы, Қандыағаш вагон пайдалану депосында өткен. Сонымен бірге Ақтөбе жүк тасымалы бөлімшесі мен техникалық құжаттама бөлімінде ұйымдастырылған.
Қанат Әлдебайұлының айтуынша, ендігі уақытта жол бойындағы станциялардың кәсіподақ құрылымдары бірігулері керек. Рас, оның өз ережелері бар, алдымен жиналыс ұйымдастырылып, мәселе дауысқа салынуы керек. Сосын ғана шешім қабылданып, жұмыс жүреді.
–Дегенмен, кәсіподақ комитетінің базасы жол бөлімшесінде болады. Кейін оның төрағасы қайта сайлануы мүмкін. Цех комитеті деп атала ма әлде кәсіподақ комитеті атауын сақтап қала ма, ол жағы уақыттың еншісінде. Бастысы, қалай аталса да, оның мақсаты мен міндеті өзгермейді, жұмысшылар мүддесі үшін қызмет ету болып қала бермек, – дейді Қанат Әлмаханов.
Бірінші орында, әрине әлеуметтік жағдай назарда болады. Бүгінде, ұжымдық шарт талаптары қайта қаралып жатыр. Қолданыстағы құжат 2015-2017 жылдарға есептелген. Биыл жыл соңына дейін жер-жерден ұсыныстар жиналып, жоғары жаққа жолданбақ.