«ҚТЖ» ҰК» АҚ басшыларының аймақтарға сапары жалғасуда. Өткен сенбі күні компания жетекшісі Қанат Алпысбаев бастаған топ Ақмола аймағына жұмыс сапарымен барып, өңір теміржолшыларымен бірнеше мәйекті мәселелерді талқыға салған маңызды кездесулер өткізді.  Компания басшылығы Елбасының Қазақстан халқына жолдауын түсіндіру барысында ақмолалық ұжымды көліктік-логистикалық кешеннің дамуын қамтамасыз етуге, үдерістерді автоматтандыруды жалғастыруға, бизнес-ортаны кеңейтуге және адам капиталын жақсартуға шақырды. «ҚТЖ» ҰК» АҚ кешенді міндеттерінде қарастырылған мәселелер қатарында, тасымалды ұйымдастыру және жоспарлауға инновациялардың енгізілуін жалғастыру, сондай-ақ, саланың техникалық және технологиялық қайта жарақтандырылуын  межелеу басымдыққа ие екен. Осы мақсатта, бір ай ішінде 2025 жылға дейін «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның Техникалық саясатының тұжырымдамасы және ИТ-стратегия жасалынбақ, онда автоматтандыру, сандық және роботтандырылған технологиялар қарастырылған. Компания басшысының сөзіне қарағанда, темір жол машинақұрастыру өнімдерін экспортқа шығару күтілуде. Бүгінде Қырғызстан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Түркіменстан және Украина нарығына қазақстандық зауыттардың жалпы сомасы 22 млрд-тан астам теңгені құрайтын өнімі шығарылған. Ал 2017-2020 жылдар аралығында жалпы сомасы 502 млрд теңгені құрайтын өнімді экспорттау көзделуде. Адам әлеуетінің сапасын арттыруға қатысты міндеттер  хақында «ҚТЖ» ҰК» АҚ басшысы әрбір жүк тасымалы бөлімшесінде ағылшын, қытай, неміс тілдерін жетік меңгерген маман болуы тиіс екенін, себебі, тілсіз логистика жұмыс істемейтінін атап өтті. Қанат Алпысбаев төрағалық еткен  жұмыс жиналысында пойыздар қозғалысының қауіпсіздігі, вагон паркінің сақталуы, ЭКСПО-2017 көрмесінің өткізілуі күн тәртібіндегі негізгі мәселелер қатарынан орын алды. Сондай-ақ, проблемалық мәселелер талқыланып, оларды шешу жолдары қарастырылды. Сонымен қатар Ұлттық компания жетекшісі Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Дәурен Әділбековпен кездесіп, аймақтағы тасқын су және оған қарсы теміржолшылар мен билік тарапынан қабылданып жатқан шаралар туралы әңгімелесті. Облыс әкімдігінде өткен кездесуде Қанат Қалиұлы Ұлттық компания тарапынан қызыл су қаупінің алдын алу бағытында барлық шара қабылданғанын атап өтті. Бүгінде Ақмола өңірінде ағынсуға қарсы төрт пойыз жасақталған. Жергілікті билік өкілі де өз кезегінде, тасқынға қатысты жағдай облыс әкімінің қатаң бақылауында екенін, қазір ағынсуды қауіпсіз өткізіп жіберу үшін көпірлер мен су өткізу имараттарын тазалау жұмыстары, тағысын тағы шаралар атқарылып жатқанын жеткізді.

Нұрбек БЕКЕН