Жетістікке жетудің сыры
Оқуға 2 мин
«Қазақстан темір жолы» компаниясында айналыста жүретін хаттар мен заттарды пойыз арқылы жіберу, қабылдау қызметін атқаратын Астана станциясының пошта кеңсесін меңгеруші Гүлнәзия Абылғазиновасыз елестету мүмкін емес.
Жұмысына берілген жандар ғана күні-түні қызмет ететін осындай пошта кеңсесінде қалтқысыз ұзақ жылдар еңбек ете алатын болар. Жастай еңбекке араласқан кейіпкеріміз 1999 жылдан бері осы пошта қызметінде келе жатыр. Бүгінде қарамағында 14 қызметкер бар ұжым тәулігіне 7-8 бағытқа Астана станциясынан түрлі хаттар мен қағаздарды арнайы купелерге тиеп жіберіп, қабылдап жатады.Күн сайын 200-250 посылка мен 1000-нан астам хаттар жіберіп, қабылдап жатамыз. Ұжымның басым бөлігі – әйелдер. Перронға келген жолаушылар вагондарына арнайы арбамен қағаздарды тасып апарып салатын сол экспедиторлар. 5 пошта экспедиторымыз бекеттерге қатынап, сол жақтағы хат-хабар, құжаттарды жинап келеді. Келген-кеткен хат-құжаттың бәрін арнайы журналға қолмен жазып, тіркеп отырамыз. Ұжымымыз ұйымшыл, өз ісін тиянақты атқаратын жандар, – дейді Гүлнәзия Сұлтанқызы.
Астана станциясының ұжымы еңбегін жоғары бағалаған теміржол поштасының меңгерушісі биыл зейнеткерлік жасқа жетеді. Дегенмен, дені сау болса әзір қызметтен қол үзгісі жоқ. Өйткені үйренген кәсібінсіз өмірін елестете алмайды. Бағып-қағып өсірген баласынан бүгінде немере сүйіп отырған ана әрі әже Гүлнәзия осынау саналы ғұмырында көз жеткізгені, жетістікке жетудің сыры – тек адал еңбек екені.
Райхан РАХМЕТОВА, Астана