Әсел ТАҢАТАРОВА
Сауабы мол шара
Оқуға 1 мин
Қайырымдылықтың сауабы сол деп білетін иманды азаматтар қайда да баршылық. Мысалы, Маңғыстау темір жолында өз жұмысымен қатар қоғамдық жұмысты бірге алып жүрген теміржолшылар көп.
Жуырда Маңғыстау вагон пайдалану депосының басшысы Сәрсенбай Есенқұлов, Маңғыстау теміржолының бас ревизоры Болат Дүйсеалиев, Мұнайлы аудандық орталық аурухана директоры Айларбек Шыршықбаев, аудандық мәслихат хатшысы Бердібек Назар, «Нұр Отан» партиясы Мұнайлы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қалиолла Сахипов бастаған бір топ жергілікті депутаттар Маңғыстау-1 елді мекенінде тұратын I топтағы мүгедек Ален Жасұланға 220 мың тұратын «Армед» фирмасының оттегі концентратын беретін емдеу аппаратын сыйға тартты. Аппараттың кепілдігі 2 жыл, пайдалану мерзімі 5 жылға дейін.
22 жастағы Жасұлан 2009 жылдан бері есепте тұрады, талма ауруының жиі қайталанатын түрімен ауырады. Апалары мен ағалары қамқорлық жасап отырған жігіттің анасы жақында ғана өмірден өткен екен. Жанашыр жандар сыйға тартқан аппарат талма ауруының ұстамаларын азайтуға жәрдемдеспек. Мұндай тосын сыйды күтпеген Жасұланның туыстары алғыстарын жаудырды.