Көктемде қар еріп, сең жүріп, ағын су молайғанда пойыздар қозғалысының қауіпсіздігіне нұқсан келтірмей өткізу – басты мақсат. «Семей – Жүк тасымалы» бөлімшесінің директоры Марлен Көкірекбаев осы мәселеге байланысты жауапты басшылардың есебін тыңдады. Семей өңіріне биылғы жауған қардың мөлшері жылдағыдан бірнеше есеге артық түскені мәлім. Сондықтан теміржолшы қауымға көгілдір көктем өзінің тосын сыйын ала келді. Магистральдық желі бөлімшесі басшыларының бүгінгі бас ауруы иеліктеріндегі жолдарды, көпірлерді, бағыттама бұрмаларды, құбырларды қар суының шайып кетуінен сақтап, табиғаттың осы сынынан шығынсыз шығу болып отыр. Семей магистральдық желі бөлімшесінде және жол дистанцияларында еріген сумен күрестің шұғыл жоспары жасалып бекітілген. «Ұрыста тұрыс жоқ» дегендей теміржолшылар жұмысқа кірісіп те кетті. Біріншіден тасқын су және сең жүретін қауіпті телімдер анықталып, олардың тізімін жасау, екіншіден, су шайып кетуінің алдын алатын арнайы пойыздар ұйымдастыру, үшіншіден, арналарын өлшеуді қажет ететін көпірлердің санын анықтау сияқты кезек күттірмейтін шараларды қамтыған шұғыл жоспар жасалуда. Семей жол бөлімшесі бойынша су тасқынына қарсы арнайы пойыз жасақтау үшін «Қазтеміртранс» мекемесіне 34 платформаға, 5 жабық вагонға тапсырыс берілген. Бүгінгі күні сумен күреске ПЧ-39-1, ПЧ-40-1, ПЧ-42-1 бойынша үш жабық вагон бөлінген. –Сапалы дайындық жұмыстарын жүргізіп, дер кезінде қардан тазалап, ағынды сулардың бөгетсіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында 272 көпір, 58 құбыр, 69,7 км арық, 16,5 км тау етегіндегі ор, 58,7 км су жүретін арнаны қардан аршып, тазалау жұмыстары бүгінгі басты жұмыстар, – дейді мамандар.