Ақтөбеден шыққан отандық рельстер ел темір жолдарына кеңінен қолданылып жатыр. Өткен жылдан бері 70 мың тоннадан астам рельс өнімдері жолды ағымдағы және күрделі жөндеуге жұмсалып үлгерген екен. Күні бүгінге дейін  500 шақырымға жуық жолға төселген отандық өнім сапасы жөнінен әлемдік брендке айналған өнімдерден бір де кем емес деседі теміржолшылар. Ақтөбелік рельс өнімдері өткен жылдан бері Алматы-1 – Шу екінші теміржол желісіне, Құрық порты паром кешенінің жолдарына,  Астана жаңа вокзал кешені құрылысына жұмсалуда. Барлығы осы нысандарға өткен жылы 14 мың тонна рельс өнімдері жеткізіліп, төселіпті. Отандық мамандар пікірінше, ақтөбелік  рельстер жоғары технологиялық мінездемеге ие. Бұл өз кезегінде пойыздың жоғары жылдамдықпен жүруіне ықпал етіп, жылжымалы құрамның тозбай сақталуына да, жолаушылардың пойызда өздерін жайлы сезінуіне де әсер ететін көрінеді.  «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ мен «Ақтөбе рельсарқалық зауыты» ЖШС арасындағы магистральдық желіні жаңғыртуға арналған ұзақмерзімдік келісімге сәйкес 2022 жылдарға дейін 600 мың тоннадан астам рельс жеткізуі жоспарланып отыр. Зауыт өз өнімдерімен ел ішіндегі сұранысты қанағаттандырып қана қоймай, көршілес елдердің нарығына экспортқа шығаруға да кіріспек.  Айталық, биылғы жылғы келісім бойынша зауыттың 64 мың тонна рельс өнімдері Өзбекстан, Тәжікстан, Беларусь, Грузия, Түркіменстан, Ресей, Эстония мен Иранға жөнелтілуі жоспарланған.

Асқар Ақтілеу, Ақтөбе