Маңғыстау түбегінде 14 наурыз күні өткен «Амал» мерекесіне орай  Маңғыстау теміржолшылары арасында волейболдан жарыс өткізілді.  «Нұр Отан» партиясы Мұнайлы аудандық филиалының «Маңғыстау темір жолы» бастауыш партия ұйымының ұйымдастыруымен өткен сайысқа қатысушы спортшылар бір-біріне «Бір жасыңмен!», «Жасың құтты болсын!», «Жасың қайырлы болсын!» деген жақсы тілекпен қол алысып барып, жарыс алаңына шықты. Сөйтіп, береке мен бірлік, татулық мейрамы қарсаңында ерлер мен қыздар арасында өткізілген жарыста Маңғыстау станциясының қыздар командасына шақ келетін топ болмай, көріктілер 1 орынды жеңіп алды. Қалған жүлделі орындарды өзге командалар өзара бөлісті. Жеңімпаздарға «Маңғыстау темір жолы» бастауыш партия ұйымының төрағасы Болат Дүйсалиевтің дипломы мен арнайы сыйлықтары табыс етілді.   Жалпы, алдағы айларда спорт түрлерінен көптеген жарыстар өтпек. Мәселен, келесі айда Қостанай қаласында ерлер арасында баскетболдан біріншілік өтеді. Одан кейін мамыр айында Бурабайда қыздар және ерлер командалары арасында жүгіру, ұзындыққа секіру, гір тасын көтеру, шахмат, баскетбол, волейбол, т.т. жарыстар күтілуде. Соған байланысты Маңғыстау өңірі теміржолшыларынан құрама команда жинақталып,  дайындық қыза түсуде.

Әсел ТАҢАТАРОВА, Маңғыстау