Ерлан Ғазез, Семей
230 адам партияға мүше болды
Оқуға 1 мин
Семей жүк тасымалы бөлімшесінің үлкен залында партия билеттерін тапсыру салтанаты болып өтті. Партия мүшелігіне қабылданғандардың қатарында вагоншылар, машинистер, электрмен жабдықтаушылар бөлімше аппаратының қызметкерлері, инженерлер мен жұмысшылар бар.
Салтанатты шараның ашылу рәсімінде бөлімше директоры, қалалық мәслихаттың депутаты Марлен Көкірекбаев сөз алып, үш мыңнан астам адам еңбек ететін Семей бөлімшесінде «Нұр Отан» париясы мүшелерінің көп болуы заңдылық екенін жеткізді. «Елбасы Н.Назарбаев жетекшілік ететін «Нұр Отан» партиясы қазақстандық көшбасшы партия ғана емес, әлемдік деңгейде де бағыт-бағдары айқын және даму барысы дараланған биіктігімен бағалы ұйым. Сондықтан Президенттің озық, үдемелі саясатының басты жалғастырушылары да бүгінгі партия қатарына өткен сіздер болуларыңыз тиіс», – деді Марлен Кәрімұлы.
Жыл сайын «Нұр Отан» партиясы қатарына азаматтарды салтанатты түрде қабылдау мұнда дәстүрге айналған. «Азаматтардың партия қатарына өтуі – Елбасы төрағалық ететін партияға деген сенімнің артқаны», – деді бөлімше басшысы.
Партияның жаңа мүшелері өздеріне артылып отырған сенім үдесінен табылып, ел үмітін ақтайтындарына сендірді.
Жалпы, Семей жүк тасымалы бөлімшесінде «Нұр Отан» партиясының 850-ден астам мүшесі бар. Бұл күні партияның қатары тағы 230 адаммен толықты.