Маңғыстау түбегіндегі жұрт жыл басын наурыздың 14-нен бастайды. Қазақы салт-дәстүрді берік ұстанатын жергілікті халық – адайлықтар Амал мерекесін Маңғыстаудың биік шоқысы – Отпан тауда тойлайды. Мейрамның маңғыстаулық теміржолшылар үшін де маңызы жоғары болды. Бұл күні Маңғыстау жүк тасымалдау бөлімшесінің директоры Нәжімеден Ғұбашевтің өзі бастап Отпан таудың бөктеріне киіз үй тікті. Олар  алыстан ат арылтқан ағайындармен бірге «Ақсарай» мұражайын аралап, маңғаз өлкенің тарихын, танымал тұлғаларын, құнды жәдігерлерін таныстырды. «Наурыз - думан» атты мерекелік концертті, облыстың қала, аудандарынан келген өнерпаздардың театрландырылған қойылымдарын, сонымен қатар  көкпар тарту, қазақша күрес, аударыспақ, гір тасын көтеру сынды ұлттық спорттық ойындарды тамашалады.  Іргесі сөгілмес ынтымақтың мерекесінде облыс әкімінің орынбасары Рақымбек Әміржанов облыс әкімі Алик Айдарбаевтың құттықтауын оқып берді.  «Отпан тау» тарихи-мәдени кешені 2007 жылы Адай батырдың құрметіне ашылды. Тарихқа зер салсақ, бір кездері бұл тау белгі беретін бекініс, ал оның басындағы от алдағы қатер жайлы ескертуші есептелген. Отты байқаған батырлар лезде осы жерге жиналып, жаулап алушыларға тойтарыс беріп отырған екен. Қазіргі кезде тек Амал мерекесін тойлау кезінде ғана Отпан тауда от жағылады. Яғни, бірлік отын жағу рәсімі мереке қарсаңындағы түнде өтеді. Отпан тау басындағы Амал мейрамын ұйымдастыруды өткен жылы Ер Қосай руының азаматтары абыроймен атқарды. Ал биыл бұл игі істі Тәзіке руынан тараған ұрпақ мойнына алған еді. Соған орай  наурыздың 13-нен 14-не қараған түні  бейбітшілік пен бірлік отын Тәзіке ұрпақтары жақты.

Әсел ТАҢАТАРОВА,

Маңғыстау.