«Шымкент жүк бөлімшесі» ЖТ филиалында жаңадан кәсіподақ комитетінің төрағасы болып, бұған дейін бөлімшенің бас инженері қызметін атқарған Хайролла Сәрсенов тағайындалды. Бөлімше басшысы Ермекбай Ерменовтан бастап барлық станция, мекеме басшылары қатысқан жиында Астанадан келген «ҚТЖ-ЖТ» кәсіподақ филиалы төрағасының кеңесшісі Қанат Баетов те болды.Трансформациялау жүйесі бойынша «Шымкент жүк бөлімшесі» ЖТ филиалына вагон және локомотив деполары мен қозғалысшылар біріккен. Осыған байланысты жаңа кәсіподақ комитеті құрылды. Бұрын әр мекемеде кәсіподақ комитетінің төрағалары болса, енді соның бәрін біріктіріп, бөлімше бойынша бір кәсіподақ комитетінің төрағасы сайланды. Ал бұрынғы әр мекеме төрағалары ендігі жерде бөлімшедегі кәсіподақ комитетінің цех комитеті яғни өкілдері болмақ. Аты өзгергенмен, бұрынғы міндеттері сол күйінде қалады. Хайролла Амантайұлының орынбасары болып соңғы жылдары осы қызметте жүрген Бекова Тоқтар тағайындалды. Ал, «Қазақстандық салалық теміржол, автомобиль, әуе және су көлігі қызметкерлерінің кәсіби одағы» қоғамдық бірлестігі Шымкент филиалының төрайымы болып Нағима Салықбаева өз қызметінде қалды.