Наурыз айы туғанда...

Жаңалықтар
28.03.2017, 16:46
Елордада Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесі құрметіне «Ханшатыр» сауда ойын-сауық орталығы маңында тігілген ақ шаңқан үйлер қатарында «ҚТЖ» ұлттық компаниясының үйі ерекше әсемдігімен ерекшеленді. Ұлттық қол өнер бұйымдарынан жасақталған алты қанат ақ үй келген қонақтардың көңілінен шықты. Жоғары мәртелеі қонақтар қатарында ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин өзінің өзбекстандық әріптесі Өзбекстан Премьер-министрінің бірінші орынбасары, әрі  «Узбекистон темир йуллари» АҚ басқармасының төрағасы Ачилбай Раматов, сонымен қатар сол елдің сауда және инвестиция, ішкі экономикалық байланыс министрі Элёр Ғаниевпен бірге теміржолшылар үйінде қонақ болды. Оларды қарсы алған «ҚТЖ» ҰК» АҚ президенті Қанат Алпысбаев дәстүрге сай және қазақы қонақжайлылықпен дастархан төріне шақырып, ұлттық тағамдардан ауыз тигізді. –Мыңдаған адам еңбек ететін біздің компания ел экономикасының тұрақты дамуы мен Қазақстанның көліктік-логистикалық кешенін нығайту, әлемдік және аймақтық көлік желісіне ену мақсатындағы міндеттерді жүзеге асыруға үлес қосып келеді. Елбасымыз Жолдауында алдағы уақытта жаңа еуроазиялық логистикалық инфрақұрылымды дамытуға айрықша көңіл бөлді. Біз трансқазақстандық бағдармен жүк айналымын ұлғайту, жолаушылар тасымалы саласында сервисті жақсарту жағынан жұмыстарды жалғастыра береміз. Жыл басы Наурызда осындай үлкен жауапкершілік арқалаған компания қызметкерлеріне тек табыс, әрбір шаңыраққа бақ-береке тілеймін!-деді компания басшысы өз сөзінде.         Дәстүрлі мерекеге ұлттық компания вице-президенттері Берік Имашев, Арман Султанов, бас инженер Бауыржан Орынбасаров, корпоративті омбудсмен Бейбіт Жүсіпов, компания президентінің кеңесшілері Тоқтар Әубәкіров, Фарит Галимов қатысты. Мереке кезінде қазақтың танымал өнер жұлдыздарының концерттік бағдарламасы, алаңда шығыс базары, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды.  Алаңға 21 наурыз күні ат басын тіреген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халықты Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтады.  п, ақ тілегін арнады.

Нұрай СӘРСЕНҒАЛИ, Астана

Ұлттық дәстүр ұлықталған күн Жыл басы Наурыз мерекесіне ерекше дайындалған «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы мекемелерінің ұлттық мейрамды қалай атап өткені салааралық байқауда бағаланды.    Компанияның даму жөніндегі вице-президенті Арман Сұлтанов бастаған комиссия мүшелері алдымен «ҚТЖ - Жүк тасымалы» АҚ ұжымының үш департаменті бірігіп өткізген Наурыз тойға қатысты. Қауышу, келін түсіру, құйрық-бауыр жегізу дәстүрлерін көрсеткен қызметкерлер мерекелік көңіл-күйдің көтеріңкілігімен ғана емес, ұлттық киімдерінің көркемділігі, дастарханның молдығы, киіз үй, қазақы ыдыс-аяқтардың қойылуы, сонымен қатар теміржолшылар өнерімен ерекшеленді. Келген қонақтарын төрге шығарып, Наурыз көже және қазақтың ұлттық тағамдарының түр-түрінен дәм татқызған олар өздері көрініске арқау еткен ұлттық салт-дәстүрдің мән-мазмұнын, маңызын ашып айтып, ән мен жырдан шашу шашты. Компания басшылығынан келген қонақтар ұжымның Наурызды тойлауын жоғары бағалап, «Эксклюзив» аталымы бойынша диплом және ақшалай сыйлықтармен марапаттады.    Бұдан кейін Көп функционалды даму орталығына бас сұққан бағалаушы топтың назарына бесікке салу дәстүрі көрсетілді. Нәрестені бесікке салудың пайдасы мен маңызына тоқталған ұйымдастырушылар ән салып, күй тарту, мың бұрала би билеуден де өнерлерін паш етті. Сонымен қатар қолөнермен айналысатын теміржолшы қыз-келіншектер өз өнер туындыларын көрсетті. «Жетіген» аталымы бойынша дипломмен марапатталған орталық ұжымына да қонақтар сый-кәдесін ұсынды.     Бас есептеу орталығы тұсау кесу рәсімін барлық жөн-жоралғысын сақтай отырып жасап шықты, олар байқауда «Алтын тамыр» аталымымен марапатталды. Бір жастағы тәй-тәй басқалы жүрген баланың қадамы ақ, жолы ашық болсын деген ниетпен өткізілетін салтта комиссия төрағасы Арман Сұлтанов кішкентай бөбектің тұсауын кесті. Осы дәстүрді қайталаған ғылыми техникалық ақпарат орталығы да соған қосымша наурыз мейрамына арналған кітаптар көрмесі және бейне сюжет дайындап, көптің көңілінен шықты. «Жаңғыру» аталымы бойынша марапатқа ие болған орталық расында да ұлттық рухтағы көрнекіліктер қойылған бұрыш дайындап, асық, тоғызқұмалақ ойындарын көрсетумен жадыда салт-дәстүрді жаңғыртып ерекшеленді. –Жалпы менің байқағаным, Ұлыс мерекесін тойлау деңгейі жылдан жылға жақсарып келеді. Сол қуантады. Қараңызшы, күнде ресми кеңсе киіммен жүрген қыз-келіншектеріміз бірі сәукеле, бірі кимешек және үстеріне бүрмелі, қос етек, ұлттық неше түрлі оюлармен әспеттелген әдемі киімдерімізді киіп шыға келгенде оларды танымай қалдық. Керемет, қандай жарасымды. Нағыз қазақтың қыз-жігіттері болып, сонау өткен ғасырға саяхат жасағандай болдық, – дейді комиссия мүшесі, ұлттық компанияның Орталық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Жұмагүл Әлжан.

Райхан Рахметова 

Ұлыстың Ұлы күні – әз Наурыз мерекесін теміржолшылар қауымы жоғары деңгейде атап өтті. Компанияның құрылымдық бөлімшелері мен филиалдары жұмыс орындарында шаңырақ тігіп, ас та төк дәмге толы дастархан жайып, қонақтар күтті.  Үш топқа бөлінген комиссияға «ҚТЖ» ҰК» АҚ вице-президенттері Эрик Имашев, Арман Сұлтанов, Санжар Елюбаев жетекшілік етті. Эрик Еркінұлы басқарған топ құрамында Орталық ардагерлер кеңесінің төрағасы Болатбек Дүйсемалиев, кадр басшысы Нұржан Жапарқұл, PR  департаментінің директоры Лара Кубенкулова, «Жолаушылар тасымалы» АҚ президентінің кеңесшісі Мұхтарбек Сүлейменов болды. Комиссия алдымен Ақпараттық қауіпсіздік департаменті мен Интеграциялық және сыртқы саясат департаментінің бірлесе ұйымдастырған «Бірлік» деп аталған ауылда қонақта болды. Бұл ауыл тұрғындары қазақтың салт-дәстүрі бойынша келін түсіргенде жасалатын «Беташар»  көрінісін қойып,  ЦИП қызметкері Ержан Ералтай  күйін тартып,  той-думанның сәнін келтірді. Дәмі тіл үйірер ұлттық тағамнан  дәм татқан комиссия мүшелері «Бірлік» ауылына келін боп түскен Айнұр Қожабаеваға «Ақ келін» дипломын, күйші жігітке «Біржан сал» дипломын табыстап, келесі ауылға аттанып кетті.  Техникалық саясат департаменті ұйымдастырған «Бабалар арманы» деп аталатын қойылым комиссия мүшелерін ғанан емес, бұл ауылға ат басын бұрған барша жұртты сүйсіндірді. Ата, бала, немере – үш ұрпақ өкілінің арасындағы сабақтастық, бүгінгі заманның шынайы келбетін бейнелеген көрініс көрермендерге үлкен ой салды.  Бабалар арманын бүгінгі күнмен байланыстырып, жастардың ата-бабалар тамырынан ажырамауын өсиет еткен Цтех ұжымы «Алтын тамыр» дипломымен марапатталды. Қонақтарға дәмі тіл үйірер наурыз көже, қымыз, ет ұсынылды. Ц кадр ұжымы комиссия мүшелерін ән шашумен қарсы алды. Көздің жауын алып, қазақтың мәдениетінің, өнерінің бай екенін паш еткен, қазақ тілінің қаймағы бұзылмаған наурыз думанның куәсі болдық.  Қызыл-жасылды көйлектің сан түрі, әшекейлердің түр-түрі, кәмшат бөрік, үкілі тақия киген сұлу қыздар мен сері  жігіттер «Қара жорғаға» билеп, тамылжыта ән салған тамаша тойды көрген де арманда, көрмеген де арманда болды. Ата-баба дәстүрін жаңғыртып, ұлт құндылығынан шынайы көрініс қойған Ц кадр ұжымына «Жаңғырту» дипломы табыс етілді. Теміржолшылардың әкімшілік ғимаратында өткен мерекеге Бизнесті трансформациялау департаменті де ерекше үлес қосып, «Құда түсу» қойылымын көрсеткен олар келінге сырға салып, ата салтымен қалың мал, ана сүтін беріп, құдаларға құйрық бауыр жегізді.  Комиссия мүшелері ЦТБ ұжымын «Ақ шаңырақ» дипломымен марапаттады. 

Сұлугүл БАКЕСОВА 

Ұлыстың Ұлы күнін маңғыстаулық теміржолшылар  Мұнайлы аудандық әкімдік жанындағы орталық алаңда атап өтті. Қазан ошақта ет асылып, кең дастарқан тіл үйірерлік тағамдармен толды. Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесінің директоры Нәжімеден Ғұбашев пен ардагер теміржолшы Табылды Әміров аудан халқын ұлық мейраммен құттықтап, жамиғатқа ақ тілектерін білдірді. Наурыздап келген ағайын қазақтың ұлттық ойындарынан өткен сайысты тамашалап, бойжеткендер мен бозбалалар алтыбақан тепті. Бір шетте жәрмеңке де ұйымдастырылды. Онда азық-түлік, көкөніс, жеміс-жидек тауарлары қолжетімді бағамен халыққа ұсынылды. Жыл басы Қарақия ауданы Болашақ станциясында да аталусыз қалмады. Ауыл әкімдігі мен теміржолшылар қосып өткен наурыз тойында  көпшілік  наурыз көже ішіп, ән мен жырға құлақ құрышын қандырып,тоғыз құмалақ, қазақша күрес, арқан тартыстан бақ сынады. Ал Ералы станциясында теміржолшылар ауылдың үлкен-кішісін наурыз тойының құрметіне тігілген киіз үйде қонақ етті. Киіз үйдің маңында концерттік бағдарлама,  жергілікті мұғалімдер мен оқушылардың қатысуымен  дайындалған көріністер қойылды. Мерекеге байланысты облыс орталығының саудагерлері жәрмеңке өткізді. Олар халыққа көкөніс тауарларын, күнделікті тұрмыста қажетті өнімдерді төмендетілген бағамен сатты.  

Әсел ТАҢАТАРОВА, Маңғыстау

Қандыағаштық теміржолшылар күннің суығына қарамастан Наурыз тойын көңілді өткізді. Мұғалжар ауданының орталығы Қандыағаш қаласында 15 шақты киіз үй тұрғызылса, оның шамамен әрбір екіншісі теміржолшыларға тиесілі. Қаз-қатар тігілген ақ отаулардың арасынан Қандыағаш жол дистанциясының ұжымы «Ең үздік киіз» номинациясы бойынша марапатталды. Дистанциясы басшысы Ербол Сәулебековтың айтуынша,  қала деңгейіндегі шараға ұжым бір кісідей жұмылған.  Киіз үйдің ішін безендіруге мекеменің балансындағы ұлттық бұйымдармен қоса  кейбір жұмысшылар  үйлерінен әкелген. Өз кезегінде, Қандыағаш станциясының ұжымы да барынша дайындалған. – Қыз-келіншектеріміз ұлттық тағамдар әзірледі. Таңертеңнен қазан асылып жатыр. Ет астық, көже пісірдік, палау бастық. Бауырсақ екі бастан бар. Наурыз құрметіне «Жігіттің сұлтаны» сайысын ұйымдастырдық, – дейді Қандыағаш станциясының бас инженері Медет Аяғанов. Ақтөбе теміржолшылары Тұңғыш Президент атындағы саябақта киіз үй тікті.  Әдеттегіге қарағанда, биыл Ұлыстың Ұлы күніне сала ардагерлерінің дені немерелерін ертіп келді. Негізі, баланы ертеде үлкендер өзімен бірге той-томалаққа ертіп жүретін болған. Бұл да бір тәрбиелеудің жолы. Балалар үлкендердің қасында жүріп, салт-дәстүрді үйренулері керек. Бала осындайда үйренбегенде қашан үйренеді деседі.  –Халыққа ыстық бауырсақ пен наурыз көже үлестірдік. Ұзын сонар кезекке тұрғандар аз болмады. Темржолшылар ауылынан дәм татқан қала тұрғындары мен қонақтары алғыстарын жаудырып, үлкендер жағы баталарын беріп жатты, – дейді Ақтөбе жүк тасымалы бөлімшесі кадрлар бөлімінің басшысы Үміт Дәуленова.

Асқар Ақтілеу, Ақтөбе 

Семейлік сала қызметкерлері үшін наурыз мерекесі теміржол алаңында өтті. Бөлімшеге қарасты әр мекеме ақшаңқан киіз үй тікті.  Семей жүк тасымалы бөлімшесінің басшысы Марлен Көкірекбаев көктемнің тамаша күнінде жылы леп ала келген мерекенің тағылымдық мән-мағынасына тоқталып,  жұртшылықты қастерлі мерекемен құттықтады. Осылайша, әуелеп ән, күмбірлеп күй төгіліп, мерекелік шара басталып кетті. Қазақы нақыштағы әуен де, дәстүрлі әндер мен билер де орындалды. Ал осынау сәттерде сахна сыртында спорттық ойындар ұйымдастырылып, қатысушы теміржолшылар өзара сынға түсіп жатқан болатын. Нысана көздеу мен қол күрестен жеңімпаз атанғандарға жүлделер тігілген болатын. Теміржол мекемелері тіккен киіз үйлерде ақ та төк дастархан жайылып, Семей вагон пайдалану депосы, Жаңа-Семей станциялары тіккен алтықанат киіз үйлерден дәм татушылар легі арылмады. Оларға «ауылдың алты ауызы» – теміржолшы қыз-жігіттер ән мен күйден сый-кәде ұсынды.    Сонымен қатар, киізүйлер іргесіне тігілген кең шатырда көпшілікке арналып қайырымдылық дастарханы жайылған-ды. Жүз литрден аса наурыз көже таратылып, асылған ет пен палау, өзге де ұлттық тағам түрлері тегін ұсынылды.      

Қуаныш ҚОЖАЕВ, Семей 

 Қызылорда жүк тасымалы бөлімшесіне қарасты теміржол мекемелері шаһардағы орталық алаңда әз Наурыз мейрамын ерекше салтанатпен атап өтті.   Орталық алаңына тігілген ақшаңқан отыз киіз үйдің арасында «Қызылорда жүк тасымалы» бөлімшесінің қараша үйінің еңсесі биік көрінді. Қара қазанда наурыз көже пісірген аспаздар көпшілікке басты дәмнен ауыз тигізіп жатты.  Наурыз көжеге ақсақалдарды арнайы шақырған   бөлімше директоры Аманкелді Арысбаев бастаған теміржолшылар Еңбек Ері Оразбай Әбішев, Құрметті теміржолшылар Лепес Жаниязов, Пазылбек Орынбасаров сынды ақсақалдарға ерекше сый-құрмет көрсетті.  

Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қызылорда

Жаңалықтар
22.11.2024
ҚТЖ Бескөл депосында дизель отынының ұрланғанын анықтады
Жаңалықтар
22.11.2024
Ақмола бөлімшесі инфрақұрылымды жаңартуды және инновацияларды енгізуді жалғастыруда
Жүк тасымалы
22.11.2024
Қостанай ЖТ бөлімшесі қараша айында 2 359 вагон астық тиеді
ҚТЖ келбеті
22.11.2024
Жол монтерлерінің бір күні
Қауіпсіздік
22.11.2024
Жамбыл өңірінде қыста да қараусыз мал тиылмайды
Аймақтар
22.11.2024
«Syrmaq Fest»: Маңғыстаулық теміржолшы қолөнер көрмесін ұйымдастырды
Қауіпсіздік
22.11.2024
Шымкент станциясында өндіріс жарақатының алдын алу шарасы өтті
Әлеумет
22.11.2024
Күзет қызметкерлеріне көрсетілетін қолдау көп
Жаңалықтар
22.11.2024
Кәсіподақ сарапшылары құзыретін арттырды
Цифрландыру
22.11.2024
ІТ тақырыбына арналған білім сайысы өтті
Жаңалықтар / Мұрағат
22.11.2024
«Қазақстан теміржолшысы» газеті, №99 22 қараша 2024 жыл
Жолаушылар тасымалы
21.11.2024
№42 «Атырау-Алматы» жолаушылар пойызының қозғалысы уақытша тоқтатылады
Жаңалықтар
21.11.2024
Құрық портының түбін тереңдету жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталды
Спорт
21.11.2024
Теміржолшылар арасында спартакиада өтті
Жаңалықтар
21.11.2024
ҚТЖ жол диагностикасының инновациялық технологияларын енгізуде
Жаңалықтар
21.11.2024
ҚТЖ Еуропадағы терминалдық желіні кеңейтуде
Жолаушылар тасымалы
20.11.2024
Семейде қаламаңы тасымалында тиімді бағдарлар көбейеді
Жүк тасымалы
20.11.2024
Ақмола бөлімшесі 307 мың тоннадан астам астық тиеді
Жаңалықтар
20.11.2024
Қазақстан көлік-транзит дәліздерін ТМД + форматында дамытпақ
Әлемде
20.11.2024
Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан темір жол құрылысы бойынша келіссөздің соңғы сатысы жүріп жатыр