Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қызылорда
Теміржолшыларға жүктелер міндет
Оқуға 2 мин
«Қызылорда –Жүк тасымалы» бөлімшесінің директоры, облыстық маслихат депутаты Аманкелді Арысбаев Қызылорда локомотив пайдалану депосында Елбасы Жолдауын түсіндіру мақсатында келелі кеңес өткізіп, локомтившілер ұжымымен кездесу өткізді.
Жиынға партияның «Теміржол» филиалы мен депоның БПҰ мүшелері қатысып еліміздің үшінші жаңарып, жаңғыру жолындағы атқарылар шараларды өзара талқыға салып, Ұлттық компания тарапынан алға қойылған тапсырмаларды орындау жолында ынтымақтаса жұмыс жасайтындықтарын білдірді.
Бөлімше директоры өз сөзінде Елбасы жолдауына арқау болған басым бағыттың бірі еліміздің теміржол көлігі саласының қуатын арттырып, транзитті дамыту екенін ескерсек, бұл бағытта нақты жүзеге асып жатқан игілікті істерге тоқталды. Қазіргі таңда жолаушы тасымалында қолданыста жүрген заманауи «Тұлпар-тальго» вагондары, «Эволюшн» тепловоздары өз өндірісімізге қолданылуымен қатар алыс-жақын шетелдік әріптестеріміздің сұранысына ие болып отырғанын жеткізді.
- «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Елбасының биылғы жолдауы да бізге салмақты міндет жүктейді. Ұлт жоспары «100 нақты қадам», «Нұрлы жол» бағдарламасы негізінде «Жезқазған-Бейнеу» теміржолының құрамдас бөлігі «Сексеуіл-Қоскөл» телімі бөлімше құрамына беріліп бірнеше жүз ададм тұрақты жұмыспен қамтылды. Ендігі кезекте осы телім бойында инженерлік-инфрақұралдық нысандар бой көтеретін болады. Біздің міндет – жаңа техника мен технология жетістіктерін өндіріске батыл енгізіп, болат жолдың өткізу қабілетін арттырудың тың тәсілдеріне қол жеткізу болмақ,-деді бөлімше директоры.