Қуаныш ҚОЖАЕВ, Семей
Теміржол әлеміне саяхат
Оқуға 1 мин
Өткен апта соңында семейлік теміржолшы жастар мен салалық кәсіподақ комитеті бірлесіп ерекше шара өткізді. Қаладағы балалар үйінің тәрбиеленушілерін бөлімшеге шақырып, теміржол қызметі әлеміне саяхат ұйымдастырды.
Балалар үйінің естияр тәрбиеленушілері әуелгі кезекте бөлімшедегі диспетчерлік орталықта болып, ондағы атқарылатын қауырт жұмыс барысымен танысты. Бұл ретте, бөлімшеге қарасты желі бойларындағы пойыздардың қозғалыс реттілігі мен басқарылуына қаныққан балалар өздерін қызықтырған сауалдарын да жолдап жатты. Балаларды, тіпті, сала қызметінің тыныс-тіршілігі ғана емес, диспетчерлердің қалай түстенетіні, қалай тынығатыны да қызықтырды.
Танымдық шара барысында жасөспірімдер пойыз қозғалысын алыстан басқару ісіне қанықты. Бұл ретте шойын жол қызметінің күрделілігі жайлы түсіндірген жедел өкім беру бөлімі басшысының орынбасары Ерсұлтан Оспанов желі бойында жүрудің адам өмірі мен денсаулығына қауіптілігін де айтып өтті.
Бір бұл емес, бөлімшеге саяхат барысында балалар үйінің тәрбиеленушілері Семей станциясында да болып, дөңес паркіндегі вагондарды сұрыптау жұмысын алыстан бақылап, жан-жақты танысты. Балаларды әсіресе, пойыз құрастырушылардың қауырт қызметі, вагондардан пойыз жасақтау жұмысы қатты қызықтырды. Сәйкесінше, сауалдары да көп болды.
Тәрбиеленушілер арасында болашақта өз өмір жолдарын осынау саламен байланыстырғысы келетіндер де табылды.