Арсен Байзақ, Тараз
Демеушілері – теміржолшылар
Оқуға 2 мин
Облыс орталығындағы Қ.Сарымолдаев атындағы балалар үйін «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалы – Жамбыл магистральдық жол бөлімшесі қанатының астына алған. Сондықтан онда өтетін әрбір шараның басы-қасынан табылатын да теміржолшылар.
Жуырда балалар үйінде «Өз ісінің шебері» атты тәрбиешілер байқауы ұйымдастырылып, оған да Жамбыл магистральдық желі бөлімшесі демеушілік жасады. Бір тәлімгер және бір жас маман бірлескен байқауда қатысушыларға облыс әкімдігінің білім басқармасына қарасты оқу-әдістемелік кабинетінің тәрбие бөлімінің әдіскері Айжамал Дәулетқұлова, «ҚТЖ» ҰК» АҚ Жамбыл магистральдық желі бөлімшесінің бас инженері Жұмағали Урсаров пен кәсіподақ төрайымы (НЖС-8) Гүлмира Абишева және «Тәрбиеші тәлімі» облыстық педагогикалық журналының бас редакторы Гүлнар Есмаханова төрелік етті. Тәлімгер ретінде жас маманға ұсынылған теория мен тәжірибені ұштастыра отырып, кәсіптік құзыреттілікті нығайтуға бағытталған байқау барысында әр топ өздерін түрлі қырынан таныта білді. Қазақтың салт-дәстүрлерін дәріптеп, әсем ән мен биден шашу шашқан сайыскерлер назарынан Елорда төрінде өткелі жатқан Халықаралық «Экспо–2017» көрмесі де тыс қалмады. Мәселен, «Жаншуақ» тобы аталмыш көрменің аясында балалар үйіне қажетті жаңа жобаны қазылар алқасына ұсынып, жоғары бағаға қол жеткізді. Осылайша барлық кезең бойынша сан қырынан танылған педагогтар арасындағы байқаудың бас жүлдесіне «Жалын» тобы лайық деп табылса, жүлделі І орын «Жаншуақ» тобына, ал «Шапағаттың» арулары ІІ орынмен марапатталса, «Жұлдыз» тобы жүлделі ІІІ орынды қанағат етті. Жүлдегерлерге демеушілер атынан бағалы сыйлықтар тарту етілді.