Африкада өткен ITF конференциясына ҚТЖ өкілдері қатысты

Жаңалықтар
31.03.2023, 09:08

Биылғы 13-18 наурыз аралығында Оңтүстік Африканың Йоханнесбург қаласында өткен халықаралық Көлік федерациясының (ITF) конференциясына «Қазкөліккәсіп» ҚБ төрағасы Оразғали Ахметбаев бастаған қазақстандық делегация да қатысып қайтты.

Айтып өтейік, Халықаралық көлік Федерациясы (ITF) – бүкіл әлем бойынша 18 миллионнан астам көлік секторы қызметкерлерінің мүддесін білдіретін 147 елдегі 670 көлік кәсіподағын біріктіретін беделді халықаралық демократиялық жаһандық ұйым. «Қазкөліккәсіп» ҚБ 2014 жылы халықаралық Көлік федерациясына кірген. ITF – кәсіподақтардың ең ірі халықаралық бірлестіктерінің бірі болып табылады. Халықаралық еңбек ұйымында үлкен беделге ие, онда ITF көлік саласы қызметкерлерінің мүдделерін қорғайды. ITF мүшесі болу ынтымақтастық географиясын едәуір кеңейтуге және халықаралық кәсіподақ қозғалысы жинаған бай тәжірибені пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ITF үлкен ақпараттық жұмыс жүргізеді, әлемнің басқа елдері мен аймақтарында көлік саласын дамыту мәселелері бойынша кәсіподақтарға ұсыныстар береді, көлік кәсіподақтары құрылымдарындағы демократиялық процестерді дамытуға бағытталған тренингтер өткізеді, кез-келген елде көлік кәсіподақтары ұйымдарының халықаралық ынтымақтастық жөніндегі өзара іс-қимылын ұйымдастырады, жұмыс берушілер немесе Үкімет алдында мүдделерін қорғайды.  

Йоханнесбургте өткен конференцияға 90 елден 185 ұлттық кәсіподақтан 500-ге жуық делегат қатысты. Олар бес күн ішінде теміржол, автомобиль және қалалық көліктің алдында тұрған әртүрлі өзекті мәселелерді, соның ішінде қаржыландыру, көлік саласындағы қызметтерді қысқарту, жекешелендіру және көміртексіздендіру мәселесін, сондай-ақ өмірлік маңызды саланың болашағы туралы шешім қабылдау процесінде көлік қызметкерлерінің ұстанымын нығайту стратегияларын талқылады.  

«Қазкөліккәсіп» ҚБ төрағасы, қазақстандық делегация басшысы Оразғали Ахметбаевтың айтуынша, мұндай ұйымға мүше болу және маңызды іс-шараға қатысу – Қазақстанның көлік саласы қызметкерлерінің мүдделерін әлемдік аренада ілгерілетудің қуатты құралы болмақ.  

– «Қазкөліккәсіп» ҚБ халықаралық Көлік федерациясына 2014 жылы кірді дедік. Содан бері біз олардың өкілдерімен Халықаралық еңбек ұйымы (МОТ) және Теміржолшылар кәсіподағының халықаралық конфедерациясы (МКПЖ) өткізетін түрлі алаңдар мен іс-шараларда кездестік, келіссөздер жүргіздік, тәжірибе алмастық. Айта кетейін, бұл ұйымның жұмысы, оның Жарғысы бүкіл әлемдегі, соның ішінде біздің еліміздегі кәсіподақ қозғалысының жұмысы негізделетін мақсаттар мен міндеттерге сәйкес келеді. Мәселен, адам құқықтарын сақтау үшін күрес, әлеуметтік әділеттілік пен экономикалық прогреске негізделген бейбітшілік үшін күрес, ұйымның құрамына кіретін кәсіподақтарға өз мүшелерінің мүдделерін қорғауға көмектесу т.т. Сонымен қатар, ITF зерттеулер жүргізеді және ақпараттық қызмет көрсетеді, қиын жағдайларда көмек көрсетеді. Конференция мен онда өткен сессиялардың тақырыбы аса ауқымды болды. Мәселен, автомобиль көлігі қызметкерлеріне арналған секцияның бірінші күні делегаттар алдында ITF Бас хатшысы Стивен Коттон, Оңтүстік Африка Көлік және сабақтас жұмысшылар одағының (SATAWU) Президенті Нтусузело Мхлубулвана, Оңтүстік Африка Металлургия және сабақтас салалар жұмысшыларының ұлттық одағының (Numsa) Президенті Андрю Чирва және басқалар сөз сөйледі, – деп әсерімен бөлісті қазақстандық делегация басшысы.  

Айтуынша, қазақстандық көлік кәсіподақтары ITF-пен байланысты одан әрі нығайтып, ынтымақтастықты кеңейтуге, тәжірибе алмасу мен кәсіподақ активін оқыту шеңберінде бірлескен іс-шараларды ұйымдастыруға мүдделі.  

– ITF құрамына кіретін басқа көлік кәсіподақтарының қызметі туралы ақпарат алмасу бойынша өзара іс-қимылды жақсартуды жоспарлап отырмыз. Кешегі конференцияда біздің делегация автомобиль және теміржол секторлары секциясының жұмысына қатысты. Әр бөлімнің өз күн тәртібі болды, бірақ олардың бәрін теміржол және автомобиль өнеркәсібі алдында тұрған қиындықтарға қарсы тұру мәселесі біріктірді. Маңызды салалардың болашағы туралы шешім қабылдауда көлік жұмысшыларының ықпалын нығайту стратегиясын әзірлеу қызу талқыланды. Қаралған әрбір мәселе бойынша ұсыныстар немесе қарарлар қабылданды, олар бұдан әрі атқару комитетінде және ITF Конгресінде қаралуы тиіс, – деп түйіндеді сөзін О.Ахметбаев.

Меруерт ЕСЕНБЕКОВА, Астана

 

Қауіпсіздік
28.05.2026
Жыл басынан бері 24 адам пойыз астына түскен
Жаңалықтар
28.05.2026
Көлік министрлігінде теміржол вокзалдарын жаңғырту мәселесі талқыланды
Жолаушылар тасымалы
27.05.2026
Биыл Қазақстан мен Ресей арасындағы теміржол бағыттарымен 99 мыңнан астам жолаушы қатынады
Жүк тасымалы
27.05.2026
Қазақстан мен Ресей арасындағы тасымалдау көлемі өсімді көрсетіп отыр
Жаңалықтар
27.05.2026
ҚТЖ магистральдық желіні жаңғыртуды белсенді жүргізуде
Жаңалықтар
27.05.2026
Болашақ магистралі: ҚТЖ және РЖД жастары жаңа көкжиектерді ашуда
Жолаушылар тасымалы
26.05.2026
Жазғы демалыс кезеңінде 15 қосымша пойыз жолға шығады
Аймақтар
26.05.2026
Шекарамаңы ынтымақтастығы нығаюда
Аймақтар
26.05.2026
Темір жолдың жаңаруы – өңірдің дамуы
Аймақтар
26.05.2026
Қауіпсіздік пен сапаның жаңа стандарты
Қауіпсіздік
26.05.2026
Атыраулық теміржолшылар темір жол бойындағы өртті ауыздықтады
Аймақтар
26.05.2026
Мамандық таңдау – маңызды іс
Инфрақұрылым
26.05.2026
Ақсу – Жаңа-Семей учаскесінде жаңғыртудың екінші кезеңі аяқталды
Жаңалықтар
26.05.2026
Астанада кәсіби шеберлік чемпионаты өтті
Спорт
26.05.2026
Семейде теміржолшылар арасында тұңғыш рет садақ ату турнирі өтті
Жаңалықтар / Мұрағат
26.05.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №40 26 мамыр 2026 жыл
Инфрақұрылым
25.05.2026
«Мойынты – Қызылжар» теміржол желісінің құрылысы тәулік бойы жүргізілуде
Жаңалықтар
25.05.2026
ҚТЖ: бағыт – айқын, мақсат – анық
Жаңалықтар
25.05.2026
ҚТЖ машинистері жыл басынан бері теміржол өткелдерінде 20 ЖКО алдын алды
Жолаушылар тасымалы
25.05.2026
Жазда пойызбен қайда баруға болады: Қазақстан бойынша танымал бағыттар