Мира ЕСЕНИНА
Отандық көлік инфрақұрылымы – Мәскеу көрмесінде
Оқуға 2 мин
Ресей астанасы Мәскеуде өтіп жатқан дәстүрлі «ТрансРесей 2017» халықаралық көрмесіне Қазақстанның көлік инфрақұрылымы мүмкіндіктері ұсынылды, деп хабарлайды ҚТЖ баспасөз қызметі.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның көліктік-логистикалық қызмет көрсететін еншілес кәсіпорындары халықаралық көлік-логистикалық қызметі мен технологиясы көрмесіне қатысу арқылы өз мүмкіндіктерін паш етумен қатар, серіктестіктің жаңа белесіне қадам жасап отырғаны белгілі болып отыр.
Атап айтқанда, «ТрансРесей 2017» халықаралық көрмесінегі ҚТЖ алаңында «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ, «KTZ Express» АҚ, «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА Басқарушы компаниясы, «Khorgos Gateway» ЖШС, «Ақтау халықаралық теңіз порты» ҰК» АҚ, «Ақтау теңізі солтүстік терминалы» ЖШС, «Құрық порты» ЖШС сынды еншілес кәсіпорындар көлік-логистикалық қызметтерін ұсынуда.
Сондай-ақ, көрме аясында компания басшылығы әріптестерімен контейнерлік пойыздарды жаңа бағдарларға арнап жасақтау жайларын да ақылдасты. Оның ішінде Қытайдан, Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне шығатын жүктерді Ляньюньган портынан Қазақстан аумағы арқылы транзиттік бағдарда Орталық және Батыс Еуропаға зор көңіл бөлініп отыр.
Тағы бір жетістік, көрме шеңберінде "KTZ Express" АҚ-ның Қытайдағы өкілдігі мен Xinjiang KTZ International Logistics Co Ltd.» компаниясы финдік «Unytrade Ltd.» компаниясымен көлік-логистикалық саладағы серіктестік орнату жөніндегі Меморандумға қол қойғаны, оның ішінде финдік жүк жөнелтушілерге бірлескен логистикалық тізбек ұсынылғаны белгілі болып отыр.
«Біз Азия-Еуропа бағдарындағы трансқұрлықтық бағдардағы мультимодальдық тасымалдаудың үлесі артып келе жатқандығын назарға алдық. Аталмыш құжат Қазақстан аумағы арқылы транзиттік бағдарға жаңа жүк ағындарын тартудан туындап отыр», – дейді «KTZ Express» АҚ қытайлық коммерциялық офисінің жетекшісі Т. Темірханов.
Белгілі болғаны, биылғы жылы «ТрансРесей» 22-ші халықаралық көлік-логистикалық қызметі мен технологиясы көрмесіне 27 мемлекеттен 300-ден астам компания қызметтерін ұсынып отырған көрінеді.
Айта кетейік, ТрансРесей көрмесі – жыл сайын өтетін, көліктік қызмет көрсетудің аса ауқымды биржасы деуге болады. Оған Ресейден бөлек, ТМД және Балтық елдері мен алыс-жақын шет мемлекеттер де қатысып, әлемдік көліктік-логистикалық қызмет көрсетудің жаһандық нарығына жол салуда көлік түрлерінің өзара әрекеттесуі бойынша көлік жүйесінің ең маңызды мәселелері көтерілетін аса ірі шара.