Райхан РАХМЕТОВА Сурет Астана станциясы архивінен
Тазалық айы жүріп жатыр
Оқуға 2 мин
Астана станциясына қарасты тораптық теміржол мекемелері өткен сенбіде жаппай сенбілікке шығып, тазалық жұмыстарын бастап жіберді.
Астана станциясы, ВП-18, НОРП-5, Ірілендірілген Астана жол дистанциясы, Елорда вокзалы, ЛВЧДР-9, ВЧД-8, «Қала маңы тасымалы» АҚ Ақмола аймақтық телімі, ТЧЭ-11, ТЧР-11, ЭЧ-8 қызметкерлері өз мекемелерінің тұсындағы аумақтарды, болат жол бойларын қоқыстан тазарту, ағаш түптерін әктеу, техникалық ғимараттарды жөндеу, сырлау, жол жиектерін әктеу, қауіпсіздік және белгі беру сызықтарын сырлау жұмыстарымен айналысты.
–Табиғат ана жаңарып, жасарып жатқанда, қыстан қар астында жиналып қалған қоқыстарды тазалап, айналымызды мұнтаздай етіп ұстау үшін осындай шаралар керек. Теміржолшылар да бүкіл ел атсалысып жатқан сенбіліктерге бір адамдай қатысып, тазалық айына атсалысуда. Мұндай жұмыстар әсіресе, бөгде заттар қауіпсіздікке нұқсан келетін теміржол үшін аса маңызды. Сол себепті бізде тазалық жұмыстары тек сенбілікте емес ұдайы жүргізіледі, – дейді Астана станциясының бастығы Әділет Айтбек.
Сенбілікте барлығы 14 техника жұмылдырылып, соның күшімен 38, 17 тонна қоқыс шығарылған, сондай-ақ 306 ағаштың түбі әктеліп, бірнеше өндірістік ғимараттар жөндеуден өткізілген. Қалпына келтіру пойызының ұжымы 110 шаршы метр жолды тегістеп, станция жолының екі алқымын тазалаған, сонымен қатар 0,03 тонна металл жинаған. «Вагон-сервис» АҚ жолаушылар вагондарын жөндеу жөніндегі Ақмола филиалының жұмысшылары кіреберіс жолдардағы 497 км белгі беру құрылғыларының айналасын қоқыстан тазартқан. Тазалық жұмыстары Ұлттық компания президенті Қ. Алпысбаевтың 2016 жылғы 3 қарашада бекітілген №157 «Қармен күрес және аумақты санитарлық тазалау» туралы бұйрығына сәйкес орындалды.