Қуаныш ҚОЖАЕВ, Семей
Тың деректермен толығуда
Оқуға 2 мин
Бүгінгі күн ертеңгі ұрпақ үшін тарихқа айналатыны анық. Келешек жас буынға тек еңбектегі жетістік, зор өнеге ғана емес, қазіргі таңнан мол естеліктер қалдыру да қерек.
Бұл ретте Семей жүк тасымалдау бөлімшесіндегі «Түрксіб-Семей» мұражайында жаңадан экспозициялық көрмелер ашылып, құнды деректермен толығуда.
Мәселен, Тәуелсіздік таңымен қатар келген, Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 25 жыл толуына орай «Дегелең-Семей» атты жаңа мүйіс ашылған болатын. Онда сынақ алаңдарына жол тартатын тұйық желілермен ядролық зарядтарды тиеп алып жүйткіген жылжымалы құрамдар суреттерінен бастап, бір кездері құпия саналған өзге де деректер орын алған.
Сондай-ақ, Семей теміржолының 100 жылдығына орай «Шығыс қақпасы» атты жаңа экспозиция әзірленген-ді. Онда Алтай теміржолына қарасты Локоть – Семей теліміндегі станциялар мен жол айрықтарының тарихи суреттері һәм қазіргі күнгі фото көріністері қатар қойылған. Тарихи тұрғыдан қызғылықты деректер де бар.
Бұдан өзге мұражай бойынша басымдық берілген жайт, ел егемендігінің 25 жылдығына орай арнайы көрме ұйымдастырылды. Онда қазіргі күнгі Семей теміржолындағы басшылық қызметтер атқаратын азаматтардың еңбек жолдары мен өмірбаяндары жаңа буын үшін тағылым ретінде ұсынылды.
«Түрксіб-Семей» мұражайы мен қоғамдық қорының директоры Мақсұт Көшжановтың айтуынша, бүгінде мұражайға әсіресе жастар көптеп келеді екен. Шаһардағы іргелі мәдени орынға айналғандықтан қалалық өлкетану мұражайы да өз қорларындағы жергілікті теміржол саласына қатысты жәдігерлерді осында тарту етіпті. Бұл да салалық мұражайдың мазмұнын байыта түскені анық.