Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қызылорда
Білім жетілдіруге ден қойды
Оқуға 2 мин
Теміржолшылардың білім-білігін арттыруға «Қызылорда жүк тасымалы» бөлімшесі басшылығы мен персоналды басқару бөлімі көп көңіл бөліп келеді.
Аймақ теміржолшылары түрлі технологиялық оқу орталықтарына білім жетілдіріп, ірі өндіріс ошақтарында тәжірибе алмасып, біліктілігін шыңдау үшін бұл бағытта Ұлттық компания тарапынан ұйымдастырылатын шараларға қатысуына мүмкіндік жасау – бөлімшенің кадр бөлімі мамандарының жауапкершілігінде. Бөлімшенің персоналды басқару бөлімінің маманы Шәмшагүл Алпысбаеваның айтуынша, жылдың алғашқы тоқсанында жеті теміржолшы осындай орталықтарда біліктілігін арттырып келген. Оқу мерзімі мамандардың квалификациясына қарай әр түрлі болып келеді екен.
– Жалпы білім жетілдіру курстарына мамандарды жөнелту үшін біздер ұсыныс әзірлейміз. Ұсыныстар Ұлттық компания мамандары тарапынан мақұлданғанда теміржолшылар оқу орталықтарына жіберіледі. Мамандардың білімінің талапқа сай болуы үшін оны үнемі назарда ұстап, білім жетілдіру курстарына жіберіп отырамыз. Жыл басынан бергі үш ай ішінде бөлімше бойынша 7 теміржолшы осындай түрлі курстан өтіп келді. Олардың арасында 2 оператор мен 1 жүк және багаж қабылдаушы Тараз қаласындағы оқу орталығында оқып келсе, 4 станция кезекшісі Ақтөбе темір жол көлігі қызметкерлерін оқыту орталығында үш айлық курста оқып жатыр. Биылғы жылы білім жетілдіру шараларында басты назар өңірдің Сексеуіл – Қоскөл телімінде жұмыс жасайтын теміржолшыларға бөлінуде, – дейді персоналды басқару бөлімі маманы Шәмшәгүл Алпысбаева.
Аймақ теміржолшылары Ақтөбе және Тараз қалаларындағы теміржол көлігі қызметкерлерін оқыту орталығында, Астана қаласындағы Көліктегі технология орталықта біліктілігін шыңдауда. Қазіргі таңда Тараз қаласындағы оқу орталығында тағы 2 пойыз құрастырушы оқып, білім жетілдіруде екен. Алдағы сәуір айында да тағы 2 пойыз құрастырушы Ақтөбе қаласындағы теміржол көлігі қызметкерлерін оқыту орталығына барып білімін шыңдамақ.
–Биылғы жылы теміржолшылардың білімін жетілдіруге бұрынғыдан да зор көңіл бөлінуде. Жан-жаққа білім жетілдіру курстарына жіберуден бөлек, қазіргі таңда әр мекеменің өзінде де білім жетілдіру, тәжірибе байыту жұмыстары техникалық бөлім мамандары тарапынан жүргізілуде, – дейді персоналды басқару бөлімінің маманы.