Тоғыз жолдың торабындағы Шу қаласы әу бастан теміржолшылардың қаласы. Сондықтан да болар, осы аймақтағы әрбір өскелең ұрпақ болашағын болат жолмен байланыстыруды армандауы заңдылық. Бұрнағы күні осы дәстүрді ұстана отырып, Шу жастар ресурстық орталығының мамандары Шу ауданындағы колледжерде білім алып жатқан болашақ теміржолшыларды Шу локомотив пайдалану депосына апарып, экскурсия өткізді. Болашақ теміржол мамандарына локомотив бригадасының оқыту жөніндегі инструкторы Олег Эрмилов алдымен қауіпсіздік ережесімен таныстырып, тепловоз, электровоз машиналарын пайдалану, жөндеу жұмыстарын іс жүзінде көрсетіп, жастар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Келешекте осы саланың көрігін қыздырамын деген жастардың сала мамандарына қояр суалдары да көп болды. Ал шараны ұйымдастырушы Шу жастар ресурстық орталығының директоры Айнұр Рақымбаева: «Біз бүгінгі шараға Шу теміржол колледжі мен №10 кәсіптік колледжінің студенттерін шақырдық. Өйткені, осы екі арнаулы білім ордасында болашақ теміржолшылар мамандықтары дайындалады» дейді.

Арсен Байзақ, Шу