НҰРАЙ СӘРСЕНҒАЛИ
Теміржолшылар – жалпықалалық сенбілікте
Оқуға 2 мин
Көктем келгелі күн сайын ажарланып жатқан ару Астананың келбетін жаңғыртуға теміржолшылар да үлес қосуда. Жақындап келе жатқан ЭКСПО халықаралық көрмесі қарсаңында және көктемгі жаңару тұсында Елордада өткен бүкілқалалық сенбілікке «ҚТЖ» ҰК» АҚ және оның филиалдарынан жүздеген-мыңдаған адам қатысты.
Өткен сенбіде Астана көшелерінде тазалық жұмыстарын жүргізуге шыққан қалың елдің қатарында ҚТЖ орталық аппарат пен магистральдық желі дирекциясы, басқа да филиалдар еңбеккерлері бір кісідей қатысып, Теміржолшылардың бас әкімшілік ғимаратынан бастап, ішкі-сыртқы аула, аумақ, барлығы 2000 метр жерді қоқыстан тазалады.
Бұдан басқа теміржолшылар өздеріне бөлінген телімдерді арам шөптерден, жиналған қоқыстардан, сынған, құлаған бұталардан тазалап, өздерімен бірге барлық құрал-саймандарын түгендеп барды. Теміржол бойынан бөлек, сенбілік барысында автожол бойларында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтай отырып, өнімді еңбек еткен сала қызметкерлері қалалықтармен қатар трассалар, скверлер мен аллеялар бойын, газондарды тазалап, жуып-шайып, ақтап-сырлап, туған қалаларына деген махаббаттарын паш етті.
Айта кетейік, бұл теміржолшылардың осымен екінші мәрте өткізіп отырған сенбілігі. Алдағы дүбірлді шара «ЭКСПО-2017» көрмесі қарсаңында бүкіл еліміз бойынша дайындық жұмыстары қарқын алған шақта бұл елордалықтар үшін соңғы сенбілік болмасы анық. Демек, сырттан келер қонақтарды туған қаламыздың сыланған арудай сән-салтанатпен қарсы алуы үшін қанша тер төксек те артық емес.