«ҚТЖ» ҰК» АҚ «Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесі» филиалының Маңғыстау өртке қарсы қызмет жасағы оқу-жаттығу шараларын тұрақты түрде өткізіп отырады.Мақсат – өрт сөндіру пойыздары мен өрт қауіпсіздігіне жауапты құрылымдардың бірлесіп жұмыс жасау барысы мен дайындығын пысықтау. Нәтижесінде, жасақ ұжымы сапалы жұмыс көрсеткіштерімен ұдайы алдыңғы қатардан көрініп келеді. Мәселен, өткен жылы бөлімше бойынша 12 ай ішінде 1 ғана өрт оқиғасы тіркелген екен. Бұл көрсеткіш өзге өңірлерге қарағанда «тілсіз жаудың» аздығын көрсетіп, 2016 жылы өндірістік-шаруашылық қызметте жоғары нәтижелерге жеткені, пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз еткені үшін Маңғыстау өртке қарсы қызмет жасағы «Салалық жарыстың жеңімпазы» атанды. Жуырда Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесінің директоры Нәжімеден Ғұбашев Маңғыстау өртке қарсы қызмет жасағының басшысы Қайырхан Таласовты бүкіл теміржолшылар атынан құттықтап, «Үздік басшы» төсбелгісін төсіне тағып, «ҚТЖ» ҰК» АҚ президенті Қанат Алпысбаевтың 1-ші дәрежелі дипломын табыстады.