Қуаныш ҚОЖАЕВ, Семей
60 мың теңге жинады
Оқуға 2 мин
Семейлік теміржолшы жастар осымен биылғы жылдың ішінде екінші мәрте арнайы жәрмеңке өткізді. Бірінші жәрмеңкеден түскен ақшаны мүгедек балаларға жұмсаған болатын.
Апта бұрын хабарландырулар ілініп, екі күн қатарынан бөлімшенің бас кеңсесі ауласында таңертеңгілік мезгілде тағам өнімдерінің саудасы ұйымдастырылды. Ас-ауқаттың барлығын теміржолшы қыз-келіншектер үйлерінен өздері әзірлеп әкелген. Тіпті жігіттер де отбасында жұбайларына арнайы түрде тәттілер мен тіске басар пісіртіп әкелген екен. Сәйкесінше, бұл күндері бөлімше қызметкерлері түскі асқа асханаға бармай-ақ, түстік мәзірді жастардың жәрмеңкесінен сатып алуды ұйғарды. Аталмыш шараға барша теміржолшылар, мекеме басшылары да ат салысты.
Шағын әрі ықшам түрде ұйымдастырылған жәрмеңке бас-аяғы бір сағатқа жетпей тәмамдалды. Мәзірдегі ас түрлері де әр алуан екен. Тіпті, орыс, татар, кавказ дастарханынан да дәм түрлері бар. Теміржолшылар жастардың үйден әзірлеп әкелген тәтті торттарын, кондитерлік өнімдері мен ыстық самса, көкөніс салмасы бар бүктеме, манты, орама, тоқаш, бәліштерін дем сәтте сатып алып, кейін келгендеріне жетпей де қалып жатты. Салқын тағам түрлерінен балғын салаттар, басытқылар бар екен. Бұл жолы жастар қауымы әсіресе ыстық тағам түрлерін молырақ әкелуге тырысыпты. Ссондықтан да болар, осы жолғы жәрмеңкеде бұрын-соңды болмаған рекордтық деңгейде қаражат түсіпті. Екі күн ішіндегі екі сағат барысында жастардың қайырымдылық мақсатында ашқан бюджетіне 60 мың теңгеден аса сома жиналды.