Жаужүрек теңізші

Жаңалықтар
04.05.2017, 21:02
Семейлік қарт теміржолшы, Ұлы Отан соғысының ардагері Кәмкетай Байыров майданда артиллерист болды, Балтық  флотының теңізшісі. Қазіргі таңда 92 жасқа аяқ басқан ұлағаты мол ақсақал аман-есен, бәйбішесі Ғалия апаймен шүйіркелесіп шәй ішіп отырған әр күнін қымбат санайды. Кәмкетай ақсақал небары 17 жасында, 1943 жылдың қазанында өзі сұранып майданға  аттанған. Мына қызықты қараңыз, өмірінде теңізді көрмеген қыр баласына Қызыл тулы Балтық флотының теңізшісі болу бұйырған екен. Жеделдетілген бес айлық курстан соң бірден Балтық теңізіндегі соғыс кемесіне жіберіліп, артиллерист міндетін атқарады. Жас жауынгер дәл соғыс өрті қызып тұрған шақта ұрысқа кіріпті.  – Біздің кемеміз жаудың сүңгуір қайықтарымен ұрысқа жиі кірісетін. Ашық теңіз шартараптан қауіпке толы. Әуеден де, судың астынан да кез келген сәтте қатер төнеді. Немістер теңізді де миналап тастаған болатын, – дейді ақсақал сол бір күндерді есіне алып.    Қарт теңізші кескілескен ұрыс сәттерін әлі күнге ұмытпай  жадында сақтаған. Бірде жаудың алып кемесін дәл көздеп, суға батырып жібергені үшін артиллерист Кәмкетай Байыров «Адмирал Нахимов» медалімен наградталыпты. Жас теңізші үшін нағыз есте қаларлық сәт 1944 жылдың күзі, яғни, жау қоршауында қалған Ленинградты қайтару үшін болған ұрыста орын алыпты. Сан ұлт өкілдерінен тұратын кеңес әскерилері тек құрлықта ғана емес, әуе және теңіз күштерін біріктіре отырып та ұрыс қимылдарына көшеді. Артиллерист Кәмкетай Байыровтың кемесі үшін жүктелген міндет теңіз айлағына гитлершілдермен олардың одақтасы фин кемелерін жібермеу, қаланы теңіз артиллериясының шабуылынан қорғау болатын. Бұл міндетті жауынгерлер мүлтіксіз орындайды. Нәтижесінде жау шеңгелінен босаған қалаға құрлық әскерлерімен қатар алғашқы болып кіріпті. –Адам саны айтарлықтай сиреген, ит-мысық мүлде қалмаған, әбден қираған сүреңсіз қаланы жау бомбалаулары ғана емес, аштық та қырғынға ұшыратқаны көрініп тұрды. Теңізшілерге жүктелген алғашқы міндет, көшелердегі қараусыз жетім балаларды, аурулар мен жаралыларды жинау, шаһардың инфрақұрылымын қалпына келтіру болды, – дейді қария. Балтық аймағы жаудан толық тазартылған соң жаужүрек теңізшілер кораблі майдан шебіндегі Рига мен Таллин қалалары жағалауларын күзетіпті. Ұзақ күттірген Жеңіс мерекесін теңізде қарсы алған артиллерист Байыровтың кеудесінде бұл кезде бұрынғыға қоса  «ІІ дәрежелі ұлы Отан соғысы» ордені мен «Адмирал Кузнецов, «Маршал Жуков» медальдары жарқырайтын еді.      Туған елге  тек 1950 жылы ғана оралған соң, 1951 жылы  Семей белгі беру және байланыс дистанциясына электромеханик болып орналасқан майдангер  1986 жылы зейнетке шыққанша ұзақ жыл абыройлы еңбек етеді.  Сонда жүріп,  теміржолда кассир болып еңбек ететін  Ғалия есімді сұлумен көңіл жарастырып, шаңырақ көтереді. Бүгінде қос қария ұрпақ қызығына кенеліп, үбірлі-шүбірлі үлкен әулетті тербетіп отыр.  Тоқсаннан асса да еңсесі тік, қажырлы қария, тіпті, аулада жұмыс істеп, үй шаруасына да болысады екен. Кейде кемпірі екеуінің карта, шахмат, дойбы ойнайтыны бар. Дегенмен, ең сүйікті істері – күнделікті теледидар қарап, әр арнадан берілетін жаңалықтарды тамашалау. Міне, соғыс ардагері үшін Жеңістің жетпіс екінші көктемі де таяп келеді. Ақсақал осынау бейбіт күндерге, ашық аспанға, бүгінгідей шуақты өмір үшін шүкіршілік айтудан әсте жалыққан емес.  

Қуаныш ҚОЖАЕВ, Семей

Әлемде
15.05.2026
Биыл Ресей теміржолдарында апат пен пойыздардың рельстен шығу жағдайлары көбейген
Жолаушылар тасымалы
15.05.2026
Қарағанды – Балқаш бағытында жолаушылар пойызы қатынайды
Аймақтар
15.05.2026
Қозғалыс қауіпсіздігін күзеткен теміржолшылардың аналарына құрмет көрсетілді
Инфрақұрылым
15.05.2026
Жаңаланған жолдар – қауіпсіздік кепілі
Аймақтар
15.05.2026
Көктемгі байқау кемшіліктерді анықтады
Аймақтар
15.05.2026
Семейлік теміржолшылар қаржылық сауаттылығын арттыруда
Жаңалықтар
15.05.2026
Астанада жас теміржолшылар үшін кәсіби бағдарлау курсы өтті
Аймақтар
15.05.2026
Әмбебап маман
Аймақтар
15.05.2026
Қауіпті сейілткен теміржолшының анасы алғысқа бөленді
Аймақтар
15.05.2026
Бір жұмысшы – бір өсімдік
Жаңалықтар / Мұрағат
15.05.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №37 15 мамыр 2026 жыл
Жаңалықтар
14.05.2026
ТМД темір жолдары интеграцияны нығайтуда
Жаңалықтар / Инфрақұрылым
14.05.2026
Көлік вице-министрі «Бақты – Аягөз» теміржол желісінің іске асырылу барысын тыңдады
Жаңалықтар / Инфрақұрылым
14.05.2026
Солтүстік Қазақстандағы вокзалдарды жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын
Аймақтар
14.05.2026
Маңғыстау теміржолының ардагерлері бас қосты
Әлемде
14.05.2026
Швеция жануарларды анықтайтын жасанды интеллект жүйесін сынақтан өткізіп жатыр
Инфрақұрылым / Инфографика
14.05.2026
Қазақстанда темір жолдарды жаңғыртудың жоспарланған көлемінің үштен бірі орындалды
Аймақтар
14.05.2026
Ардагерге тағзым – ұрпаққа өнеге
Жаңалықтар
14.05.2026
Шу станциясында полицейлер азаматты ажалдан аман алып қалды
Жолаушылар тасымалы
14.05.2026
1 маусымнан бастап Семей – Жалаңашкөл бағыты бойынша жол жүру тарифі өседі