Әсел ТАҢАТАРОВА, Маңғыстау
Тығырықтан шығуда
Оқуға 1 мин
Маңғыстау вагон пайдалану депосының жұмыс-шылары жылжымалы құрамдарды әрлеу жұмыстарын жүргізуде.
Бүгінгі таңда Қазақстанда жүк тиеуге вагон тапшылығы сезілуде. Сондықтан Маңғыстау вагон пайдалану депосына келіп түскен жеделхатқа байланысты кезінде «Қазтеміртранс» АҚ-нан «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның түгендеу паркіне өткізілген 4109 вагонды «Қазтеміртранс» АҚ-ға қайтадан өткізу қажет болып отыр екен.
Маңғыстау вагон пайдалану депосы техникалық қызмет көрсету бөлімінің жетекшісі Жұмабек Якупбаевтың айтуынша, бүгінгі таңда олар жартылай ашық вагондар мен жабық вагондарды бояп, бірдей белгілер салуда. Әзірге 30 шақты вагонға тиісті жазулар мен белгілерді орнатқан. Мұндай жұмыстар Бейнеу станциясында да жүріп жатқан көрінеді және бұл мақсатқа арнайы адамдар бөлініпті. Жұмысқа керекті құрал-саймандар «Қазтеміртранс» АҚ-нан берілген.
Қазақстанға жартылай ашық вагондар мен жабық вагондар ғана емес, басқа да контейнер, платформалар жетіспеушілігін жою мақсатында түрлі амалдар қолданылуда. Әрине, вагон паркі жаңармай жатқан жоқ, дегенмен өсіп келе жатқан жүк тасымалы жүк вагондары тапшылығын туғызбай қоймайды. Жуырда Маңғыстауға Түркіменстаннан 46 вагон келді. Оның 26-сын Шетпеге, 14-ін «ҚазАзот» ЖШС-не бердік, – дейді Жұмабек Якупбаев.