Семейлік теміржолшылардың әлеуметтік ахуалы әрдайым назарда. Бұл жайында бөлімше басшысы, қалалық мәслихат депутаты Марлен Көкірекбаев өз сайлаушыларымен өткен кездесуде нақты мысалдармен тоқталып өтті.   Бүгінде шаһардың Жаңасемей бөлігінде теміржолшылар қауымы мол шоғырланған. Әсіресе, желі бойындағы жеке секторда тұратын сала қызметкерлерінің өзіндік мұқтаждығы бар. Осы ретте оларға жергілікті билік пен бөлімше әлеуеті шебер ұштастырылып, өнімді көмек көрсетілуде. Себебі, «Нұр Отан» партиясы атынан №1 сайлау округінен сайланған бөлімше басшысы Марлен Кәрімұлы өз сайлауалды бағдарламасына партияның тұғырнамасын, Елбасының бес институционалдық реформасын жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» ұлт жоспары басымдықтарын өзек еткен-ді. Ал осы орайда, өткен бір жыл ішінде тек қалалықтар ғана емес, теміржолшылар мүддесіне орай да ұтымды жұмыс істеу мүмкіндігі туыпты. Яғни, өңірдің әлеуметтік мәселелерін шешуде ілкімді іс, айшықты із бар. Бұл орайда,«Нұр Отан» партиясының «Қазақстан 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты 2016-2021 жылға арналған сайлауалды бағдарламасы міндеттемелерін межеге ала қызмет етіп жатқан мәслихат депутаты Марлен Кәрімұлы өз округіндегі ардагер теміржолшылардың қолдауына ие болды.  Байырғы жолшы, желі бойындағы «666 шақырым» атты теміржолшылар ауылының ең қарт тұрғыны Сәмет ақсақал ауыз су мәселесін аз уақыт ішінде шешіп бергені үшін жол бастығы-депутатқа алғыс айтты. 

Қуаныш Қожаев, Семей