Асқар Ақтілеу, Ақтөбе
Жаңа жол тынысын ашты
Оқуға 1 мин
Шалқар – Бейнеу теміржол тармағының іске қосылуы Шалқар ауданы үшін тиімді болғаны сөзсіз. Аудан бойынша 160-тан астам жұмыс орны ашылып, 6 разъезд бен 3 станция пайда болды.
Осыған дейін Шалқар станциясынан жаңа вокзал салынады деп жоспарланған болатын. Бүгін де бұл мәселе өзектілігін жоғалтпаған. «Былтыр Шалқар – Бейнеу аралығымен жолаушылар пойызы қатынай бастады. Қарапайым жолаушылар үшін жол 15 сағатқа қысқарды, ал билет бағасы шамамен 30 пайызға төмендеді. Осы тармақтың іске қосылуымен Шалқар станциясының басында 190 орынға есептелген балабақша пайдалануға берілді», – деген аудан басшысы жаңа тармақтың игілігін көріп отырған халықтың ризашылығын білдірді.
Оның айтуынша, жаңа вокзал салу мәселесі күн тәртібінен түспеген. Рас, әзірге жоспар күйінде тұр. Бірақ шалқарлықтар ескі ғимаратты бұзған жағдайда көне вокзал ғимаратын сақтап қалғысы келеді. Күрделі жөндеуден өткізіп, тарихи нысан ретінде қалдырсақ дейді.
Жаңа тармақтың тағы бір пайдасы – кәсіпкерлер үшін Ақтау, Атырауға қатынауға мүмкіндіктің пайда болғаны. «Бүгінде Шалқар мен Бейнеу аралығында жолаушылар мен жүк пойыздары қатынап жатыр. Алдағы уақытта екі аралыққа тас жол төселеді деп күтілуде. Сонда аймақта логистика қызметі дамитын болады», – дейді аудан басшысы.