«ҚТЖ» ҰК» АҚ бас инженері Бауыржан Орынбасаровтың бұйрығына сәйкес, биылғы жылы Маңғыстау темір жолында  көктемгі байқау 28 наурыз бен 18 сәуір аралығында өтті. Сала қызметкерлерінің кәсіби біліктілігі сынға түскен  байқау кезінде түйіспесіз жолдардың рельстік тізбектерінің күтіміне ерекше көңіл бөлінді. Сол себепті, рельс тізбектеріндегі температуралық кернеуді бәсеңдету бағытындағы жұмыстар дистанция басшыларына бақылауға тапсырылды. Мұнымен қатар, биылғы жаздағы жүргізілетін жұмыстар қатары осы тексеру нәтижесінде анықталып, жоспарға енгізілді. Байқау барысында 1350 км жол тексеріліп, 9669 ескерту беріліпті.  3 бағыттама бұрмасы, 1 бас жол жабылып, 11 жерде жылдамдық азайтылған.  Көктемгі тексерудің негізгі міндеті – теміржол саласындағы кемшіліктерді дер кезінде анықтау  десек, оны дер кезінде жою да аса маңызды.  Комиссия мүшелері уақытылы шешімдер қабылдап, кем-кетіктердің дені айналасы бір екі аптада  жойылған көрінеді. Әрине, қорытынды көрсеткіштер айтып тұрғандай, байқау нәтижесіндегі олқылықтар былтырғыға қарағанда биыл көп. Себебі, жыл басында Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесінің құрамы кеңейе түсті. Мысалға, вокзал шаруашылығы да солардың қатарына енді. Бүгінгі таңда  Маңғыстау вокзалын заманауи стандарттарға сәйкестендірілуі жұмыстар жүргізіліп жатыр. 

Әсел ТАҢАТАРОВА, Маңғыстау