Қуаныш Қожаев, Семей
Жігітке жеті өнер де аз..
Оқуға 2 мин
Семей жүк тасымалы бөлімшесінде Отан қорғаушылар күні құрметіне кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен «Ал қанеки, жігіттер!» деген атпен білек күші мен бойдағы өнер сынға түскен ерекше сайыс өтті.
Байқау алды барлық командалар сап түзеп, мемлекеттік әнұранды шырқады. Осыдан соң бөлімше басшысының орынбасары Ерғазы Жұмаділов жиылғандарды қос мерекемен құттықтап, сайыста сәттілік тіледі. Ал салалық кәсіподақ комитетінің төрағасы Алик Досанов, аталмыш сайысты өткізудегі мақсат – сала мамандарының күш-жігерін шыңдап, ұжымдар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, қазақстандық патриотизм сезімін нығайту екенін атап өтті.
Байқауға әр мекемеден іріктелген 11 команда қатысты. Алғашқы кезекте құрыш білекті жігіттер кір тасын көтеруден бақ сынасты. Бұл сында күнделікті жаттығу үстінде жүрген, нағыз бұла күш иелері «ӘТЖК» АҚ Семей филиалының жігіттері топ жарды. Ал екінші орынды жол дистанциясы - ПЧ-39 жігіттері иеленсе, үшінші орынды Жаңасемей станциясының жігіттеріне бұйырды.
Келесі сайыстарда ойын барысы басқаша өрбіді. Ұзындыққа секіріп жарысуда Семейтранстелеком қызметкерлері бас жүлдені еншілесе, Семей магистральдық желі бөлімшесінің жігіттері екінші орынға тұрақтады. Қазақтың асық ату ойынында рельс бойында темір қазықты балғамен дәл көздеп соғып үйренген жолшылар - ПЧ-39 мергендерінің жетістігіне ешкім жете алмады. Ал, жатып тұрып күш сынасуда тағы да транстелекомдықтардың бағы жанды. Алайда, келесі кезектегі жамбы ату сайысында оларды бұл орыннан тағы да мергендігімен танылған ПЧ-39 жігіттері ысырды. Жігіттер байқауы ән сайысымен тәмамдалды. Аталмыш сынға дайындықсыз келіп, қалыс қалғандар да табылды. Сондай-ақ, патриоттық тақырыпта хормен ән айтып көрерменді сүйсінткендер де болды. Мұнда әсери күзет пен ШЧ-29 теміржолшылары ерледі. Әйтседе, осы сайыста бас жүлдені иеленуге жанды дауыста, жалынды үнмен ән шырқаған ПЧ-39 жігіттері лайық деп танылды.
Кәсіби мамандар әділқазылық еткен сайыста мәртебелі бірінші орынды Семей жол дистанциясының жігіттері айқын басымдықпен қанжығаларына байласа, екінші орынды Жаңасемей станциясы, ал жүлделі үшінші орынды Семейтранстелеком жеңіп алды.