Дәстүрлі «Саламатты Қазақстан» және «Денсаулық»   медициналық пойыздары еліміздің елді мекендері мен аймақтарын аралап жүр.   ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен ҚТЖ «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қорының қолдауымен жолға шыққан қос құрам шалғайдағы шағын ауылдарды аралап, маман дәрігерлер көмегіне мұқтаж жергілікті тұрғындарға медициналық көмек көрсетуде. Білікті дәрігерлерге қаралып, қажетті ем-домын алып жатқан халық жобаның шапағатын көруде. Сондай-ақ, медициналық пойыздар тоқтайтын әр  станцияларға алдын ала балалар алаңы жасақталып, батуттар мен аттракциондар орнатылуда. Бұл балалар үшін нағыз мереке болып отыр. Сондықтан, ақжолтай пойыздың сапарын үлкендерден бұрын күтіп жүрген балалар көп.   –Пойыздың келетінін естіп, қызымды да алып келдім. Екеуміз де анализ тапсырып, толық тексеруден өттік. Мамандардан қажетті кеңес алдық. Қызым ойын алаңында ойнап бір құмардан шықты. Осы жобаны ұйымдастырғандарға  алғысым шексіз, – деп ой бөлісті маңғыстаулық 11 жасар Мәншүк Жанаеваның анасы. Еліміздің батыс өңіріне ат басын тіреген «Денсаулық» диагностикалық пойызы Бейнеу станциясына аялдама жасағанда,  осындағы №2087 әскери бөлімде әскери борышын өтеп жүрген жас сарбаздар да келіп, тегін медициналық тексеруден өтіпті.  Қос құрам Орталық пен Батыс Қазақстанның  30 станциясына аялдаған. Кеңестік-диагностикалық пойызға  жалпы саны 30 823 адам келіп-кетсе, 6459 тұрғын  нақты  тексеруден өткен, оның  1694-ін балалар құрайды.  Сондай-ақ 33291 диагностикалық процедура жасалып, маммологқа 435 әйел, ал тіс дәрігеріне 1440 тұрғын қаралған. Таң атқаннан кеш қарайғанша қарапайым халыққа қабақ шытпай қызмет көрсеткен ақ халатты жандар 133 кіші ота да жасаған.

Жансая ШЫҢҒЫСХАНҚЫЗЫ