Қуаныш ҚОЖАЕВ, Семей
Шалғайдағы станциялар абаттандырылуда
Оқуға 2 мин
Шығыстағы Семей жүк тасымалы бөлімшесі бойынша елімізде өтетін «ЕХРО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесіне орай бірқатар жұмыстар қолға алынған.
Соның ішінде ерте көктемнен басталған жоспарлы жұмыс бөлімшеге қарасты станциялар мен жол айрықтарының сыртқы келбетін талапқа сай ету болатын.
Себебі, халықаралық көрмеге шетелдерден теміржол арқылы келетін қонақтар осы жолдың үстімен өтеді. Өйткені, Елорданы Қытай, Ресей және Монғолиямен жалғайтын күре жол осы Семей бөлімшесімен өтеді. Сондықтан, «сырт көз сыншы» демекші, желі бойындағы Ұлттық компанияға тиесілі нысандар мен ғимараттарды, станция перрондарын тиісті нормалар мен талаптарға сай ету мақсатында қарқынды жұмыс жүргізілуде. Яғни, бөлімше басшысы Марлен Көкірекбаевтың 18 наурыздағы №15 өкімі негізінде станциялар мен жол айрықтарындағы барлық салалық мекемелерге тиесілі қызметтер жүктелініп, міндеттері белгіленген. Атап айтсақ, ең шалғай жатқан Жүзағаш жол айрығынан Ауыл және Дегелең станцияларына дейінгі аралықтағы шағын станция-разьездерде бұрын-соңды болмаған тазалық және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, Таңсық станциясы бойынша бұл іске ЭЧ-18 бен ВЧДЭ-23 мамандары жауапты болса, Жарма станциясында ДС пен ПЧ-40 теміржолшылары абаттандыру, әрлеу жұмыстарын жандандыруда.
–Мұндай шаралар осыдан екі жыл бұрын Семей темір жолының 100 жылдық мерейтойы қарсаңында өткізілген болатын. Алайда, бұл жолғы жұмыстың жөні бөлек. Тек бөлімше ғана емес, ел намысы сынға түсер шақта теміржолшылар аянып қалмауда, – дейді Семей ЖТ өндірістік-техникалық бөлімнің басшысы Гүлнар Төлеханова.
Қазіргі күні барлық 53 станциялар мен жол айрықтарына әрлеу мен абаттандыру, көгалдандыруға қажетті материалдар жеткізілген. Жұмыс күші жеткілікті. Ал жүргізіліп жатқан шаралар басшылықтың қатаң қадағалауында.