Еліміз үшін ең маңызды нысанның бірі саналатын Құрық порты арқылы бүгінде астық, мұнай, тыңайтқыш, өзге де өнімдер тасымалдануда. Оның ішінде вакуумдық газойл көптеп жөнелтілуде. Мәселен, мамыр айына Маңғыстаудан теңіз арқылы 1000 вагон осындай жүк жөнелту жоспарланған. Соның 400 вагоны алғашқы онкүндікте тасымалданса, қалғаны ай соңына дейін жөнелтілмек. Ал, Әзірбайжан, Грузия, Украина елдерінен елімізге азық-түлік, күнделікті тұрмысқа қажетті заттар, көкөністер мен жеміс-жидектер, ет өнімдері, кондитерлік тағамдар келуде. Құрық-порт станциясында жүк қабылдап-жөнелту үшін алты жол қарастырылған. Екі маневрлік тепловоз жұмыс жасап тұр. Порт кешенінде станция кезекшілері, пойыз құрастырушы, жүк қабылдап-тапсырушы, тауар кассирлері, транзиттік агенттері, вагон қараушылар, машинистер, барлығы 60 шақты теміржолшы еңбек етуде. Бастапқыда тек күндіз ғана жұмыс жасайтын мамандар бүгінде тәулік бойы тыным таппайды. Олар түнгі ауысымда да жүк тиеу, түсіру жұмыстарын тоқтатпайды. Ай соңына қарай ондағы қызметкерлер 12 сағаттық жұмысқа ауыспақшы.Құрық-порт станциясының басшысы Аманқос Құсайынов үстіміздегі жылы наурыздың 24-і күні алғашқы жүк жөнелтілгеннен бергі уақытта Құрық теңіз порты арқылы 761 вагон жүк тиеліп, 1322 вагон жүк қабылданғандығын жеткізді.Айта кетейік, станция алты-алтыдан, яғни барлығы 12 жолы бар «А» және «Б» парктерінен тұрады. Қазіргі сәтте, бірінші іске қосу кешені, яки «А» паркі пайдалануға берілген. Бұл паркте пойыздар қабылдау және жөнелту процестері жүзеге асырылады. Ал келешекте «Б» паркінің алты жолы салынып, қолданысқа берілгенде, онда вагондарды сұрыптау жұмыстары жүзеге асырылмақ.