«Әскерилендірілген темір жол күзеті» АҚ Ақтөбе филиалы мен облыс әкімдігінің қамқоршылық бөлімі жетім балаларды әлеуметтік-патронаттық қолдау бойынша өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойған. Филиал ұжымы Алға балалар үйінің тәрбиеленушісі Тержан Мұхамбетті патронаттық қамқорлыққа алып, бүгінде 15 жастағы жасөспірімге қаражат жинап, баспана алып беру жағы қарастырылуда. Ал әзірге күзетшілер  оны өз балаларымен бірге жазғы лагерьге жіберуге қамдап жатыр.  Тержан 2002 жылы дүниеге келген, оқу үздігі. Күреспен айналысады, футбол ойнағанды жақсы көреді. Ата-анасы бас тартып, балалар үйіне өткізген.  Ұжымдағы әр қызметкер 500 теңгеден жинап, «полк баласының» есепшотына аударып,  бүгінде Тержанның Халық банкіндегі «Балалар» депозиттік шотында 2 миллион теңге көлемінде жинақ бар. Енді оны Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің шотына аудару қарастырылып жатыр. –Әр мереке сайын, сондай-ақ жазғы демалыс кезінде Тержанды мекемеге әкеліп, ұжыммен қарым-қатынас орнатуға баулимыз. Жазда филиал қызметкерлерінің 36 баласымен бірге Ақтөбе қаласындағы «Восток» лагерінде демалды. Оған 70 мың теңгеге киім сатып алынды, – дейді филиал директоры Талғат Сисен.

Асқар Ақтілеу, Ақтөбе