Маңғыстау станциясында теміржол бойындағы оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатындағы сақтық шаралары күшейтуге бағытталған рейдтік шара өтті. Өйткені, теміржолдағы адам, мал  қағу оқиғалары, әсіресе балалардың опат болу жағдайлары сала мамандарын алаңдатып отыр. «ҚТЖ – Жүк тасымалы» АҚ-ның  техникалық саясат жөніндегі вице-президенті Марат Шәкеновтың  жеделхатына байланысты бірлескен рейдке Маңғыстау станциясы бастығының орынбасары Айбол Есмұханов пен  бас инженері Бағыбай Исатаев және еңбек қорғау инженері Айгүл Аяповалар басшылық жасап, Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесі мен Ақтау станциясындағы ішкі істер желілік бөлімінің өкілдері қатысты.  Рейд барысында арнайы өткелдерді пайдаланбай, теміржол бойынан рұқсат етілмеген жерлерден кесіп өткен жергілікті тұрғындарға тиісті түсінік жұмыстары жүргізілді. Айналасы жарты сағат ішінде теміржол аумағынан өту ережесін бұзған бірталай азамат ұсталып, оларға қатаң ескерту беріліп, келесі жолы мұндай жағдай қайталанса айыппұл төлейтіндіктері ескертілді. Жолдан өту тәртiбiн сақтамаудың, қарапайым қауiпсiздiк ережелерiн өрескел бұзудың салдары аса қайғылы екендігі,  ол адамдардың жарақат алуымен ғана шектелiп қоймай, кейде бұл мәселеге салғырт қарағандардың өлiмiне де әкелiп соқтыратындығы, сондықтан да темiржол бойындағы тыйым салынған жерлерден өткен кезде кiм болса да өз қауiпсiздiгi жайлы ойлануы қажеттігі түсіндірілді.

Әсел ТАҢАТАРОВА,

Маңғыстау