Асқар Ақтілеу, Ақтөбе
Тексерудің де өз дәрісі бар
Оқуға 2 мин
Ақтөбе теміржол вокзалында да маусым айының 1-нен бастап арнайы қондырғылардың көмегімен жолаушылардың өздері мен сөмкелері тексеріле бастайды. Соған орай, мамандар арнайы дәріс алып жатыр екен.
Әскерилендірілген теміржол күзетінен хабарлағандай, бастапқыда тек күдік тудырған адамдар ғана арнайы тексеруден өтеді.
–Алғашында барлығы қолмен тексеріледі. Тек уақыт өте арнайы техниканың көмегімен қаралады, – дейді «Әскерилендірілген теміржол күзеті» АҚ Ақтөбе филиалының директоры Талғат Сисен.
Оның айтуынша, арнайы дәрістер алып жатқандардың алғашқы легі маусым айының 10-шы жұлдызында қолдарына сертификат алады. Барлығы 72 инспектор мен 4 ауысым басшысы тексеруге рұқсат беретін құжатқа ие болады. Ақтөбе теміржол вокзалы қызметін жол жүру құжатын рәсімдеген 2500-2800 адам пайдаланады екен. Шығарып салушылар мен күтіп алушылар және өзге де жұмыстарымен вокзалға келген адамдар саны 7 мыңға жетуі мүмкін.
Күзет қызметі өкілінің айтуынша, вокзалға кіріп-шыққан адамдар ғана тексеріледі. Ал ғимаратты сыртынан айналып өтетіндерді әзірге ешкім мазаламайды. Дегенмен, болашақта, тәртіп оларға да жетуі мүмкін.
Айта кетейік, 1 маусымнан бастап стационарлы металл іздегіш арқылы қол жүгі түгелімен тексеруден өтпек. Егер тыйым салынған заттар анықталса, алдымен ол жолаушы жеке тексеріледі. Ол үшін арнайы орынға жеткізіліп, ер адамды ер адам, әйел жолаушыны әйел адам тексеруі керек. Егер одан тыйым салынған зат табылса, арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері шақыртылып, заттары алынып, құжаттама толтырылады.
Тексеруден бас тартқан адам көлік инфрақұрылымы нысанына өткізілмейді.