Қуаныш ҚОЖАЕВ, Семей
Аягөз атамекені...
Оқуға 2 мин
Бүгінгі Семей темір жолында кәсіптік қызметтерін сонау Түрксіб құрылысы дәуірінде бастаған, базбір өкілдерінің есімі аңызға айналған еңбек әулеттері көп. Солардың бірі – әйгілі Мұсабаевтар династиясы.
Қазіргі қазақ шойын жолында олардың төртінші буыны жұмыс істеп жатыр. Ал, салалық қызметте мүшелері бір қауым ел болатын даңқты әулет арасында ерекшелеп айтар бір теміржолшы Мұхаметқали Мұсабаев.
Теміржол саласына сонау он жеті жасар бозбала шағында келген ел ағасының еңбек өтілі жарты ғасырға таяу. Осы уақыт аралығында өз кәсібі бойынша қызметтің барлық баспалдағынан өтіп, ыстық-суығында шыңдалған ол Аягөз, Делбегетей, Жаңасемей, Семей станцияларында сан түрлі қызмет атқарды. Жолшыдан бастап пойыз диспетчері, вокзал бастығы, бөлімшенің кәсіподақ төрағасы, қалпына келтіру пойызының бастығы, ревизорлық аппарат инженері, ревизор, Жаңасемей станциясының бастығы, теміржол қауіпсіздігі бөлімінің басшысы сынды қызметтерді абыроймен атқарды.
Әкесі «Қозғалыс саласының үздігі» Кәукен Мұсабаев алғашқы еңбек жолын 1928 жылы ғасыр құрылысы Түркістан – Сібір темір жолын салудан бастаған екен. Қазіргі Ертіс үстіндегі еліміз бойынша ең ұзын саналатын теміржол көпірінің құрылысын салуға бастан-аяқ қатысқан тұлға. Бұл ата кәсіп бүгінгі ұрпақтарына да құт болып дарыды. Әке жолын қуып, теміржолшы мамандығын иеленген бес ұлдың үшеуі «Құрметті теміржолшы» атаныпты.
Жалпы, Мұсабаевтар династиясын республикаға танымал әулет. 2014 жылы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры ұйымдастырған салтанатты шарада Өмірзақ Шөкеевтің қолынан «Еңбек әулеті» медалін алған бұл әулет мүшелерінің дені қозғалысшылар екен.
Мұсабаевтардың теміржолдағы жалпы еңбек өтілі 687 жыл 10 айды құрайды екен. Астана мен Алматы қалаларында да Мұсабаевтардың үрім-бұтағы көп. Алайда, әулет өкілдерінің ең көп шоғырланған жері – атамекендері Аягөз. Бүгінде осынау теміролшылар қаласындағы әр мекемеден Мұсабаевтардың бір-бір өкілін жолықтыруға болады. Ал, Мұхаметқали Кәукенұлының өзі бүгінде үш бағытқа қызмет көрсететін Шар станциясының бастығы болып еңбек етуде. Екі қыз бір ұл тәрбиелеп өсіріп, бес немері сүйіп отырған жанның балалары да ата жолынан танбай теміржолшы атанды.
– Әрдайым әкеміздің абырой-атағына кір келтірмеуге тырыстық. Осынау ұстаным династияның жаңа толқынында да бар. Мен осыған қуанамын. Бүгінгі күні Мұсабаев әулетінде 30-ға жуық адам жұмыс істеп жатыр. Әр буын қазіргі қазақ теміржолының дамуына өзіндік қолтаңба қалдырып, үлес қосуда, – дейді даңқты әулеттің бүгінгі аға буын өкілі.