Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қызылорда
Еңбек қатынастарына ерекше назар
Оқуға 2 мин
Қызылорда жүк тасымалы бөлімшесіне «ҚТЖ-ЖТ» АҚ және Магистралдық желі дирекциясы кадр бөлімінің бас менеджерлері келіп, саладағы құрылымдық өзгерістерге байланысты еңбек қатынастары, Еңбек Кодексі мен Ұжымдық шартқа енгізілген өзгерістер, т.б. мәселелерге қатысты түсінік берді.
Теміржолшылардың әлеуметтік тұрғыдан қорғалуы мен еңбек заңнамаларының сақталуы жайлы сөз қозғаған Алма Тұрарқызының айтуынша мұндай жиын осыған дейін алты бөлімшеде өткізілген.
–«ҚТЖ» ҰК президентінің пәрменімен төрт жұмыс тобы құрылып, сала бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен таныстыру, аймақтардағы теміржолшылардың бүгінгі тыныс-тіршілігін өз көзімізбен көріп, шешімін таппаған мәселелерді жергілікті жерлерде шешуге күш салу, ал мәселе шешілмеген жағдайда құжаттар рәсімдеп құзыретті инстанцияларға ұластыру мақсатында жолға шықтық. Бүгін міне сіздермен кездесіп отырмыз, – деген Алма Саулебаева аймақ теміржолшыларының сауалдары мен өтініш-тілектерін тыңдауға дайын екенін білдірді.
Әрі қарай теміржолшылар тарапынан қойылған сауалдарға мамандар түсінік беру басталды. Басты тақырып, әрине әлеуметтік мәселе болды. Алма Тұрарқызы, Ұлттық компания қандай да қаржылық қиындықтарға қарамастан теміржолшылардың әлеуметтік тұрғыдан қорғалуына қомақты қаражат бөліп отырғанын нақты мысалдармен айтып өтті. Мәселен бір ғана тіс емдету мен протез жасатуға 2015 жылы – 209 миллион теңге, 2016 жылы – 220 млн, биылғы жылы 232 млн теңге қаражат бөлінуі қазіргі қаржылық тұрақсыздыққа қарамастан сала бойынша қалыптасқан дәстүрдің жалғасып отырғаны айғақтайды деді.
Сондай-ақ, сауықтыру шипажайына берілетін жолдама, әлеуметтік жеңілдіктер, тоқсандық сыйақы, еңбек төлемі қоры мен үнем мәселесі кеңінен сөз болды. Түстен кейін жұмыс тобы мекемелерді аралап, түсіндіру жұмыстарын онда да жалғастырды.