ХХ ғасырдың басында халқы үшін қалтқысыз қызмет еткен қазақ зиялыларын «ұлтшылдық» деген желеумен жала жауып, жаппай қуғын-сүргінге ұшыратқаны – біздің тарихымыздағы өкініш пен қайғыға толы қазалы беттер.     Сан мыңдаған ұлт зиялыларын қырып салған кеңестік саясаттың салқыны тигендердің қатарында осы асылдарымыздың жұбайлары, аналары мен балалары және қарындастары да болды. Олар өмір бойы «халық жауының» туыстары деген атты арқалап, көп жылдардан кейін ғана ақталғаны мәлім. Тек қандастарымыз ғана емес, Кеңес үкіметіне қарасты көптеген ұлттардың зиялы қауым өкілдерінің әйелдерін айдап әкеліп, 5-тен 8 жылға дейін абақтыға тоғытқан Ақмола өңіріндегі «АЛЖИР» түрмесі сол сұрапыл жылдардың өшпес таңбасы.  Сол тар жол тайғақ кешу жылдардың көрінісін көз алдыңа әкелетін әйелдер лагерінің орнында бүгінде мұражай мемориалдық кешені ашылған. Атаулы датаға байланысты Қазақстан темір жолының 60 қызметкері Алжирге арнайы барып, тарихи орындағы «Тасты жарып шыққан гүл» ескерткішіне боздақтар құрметіне гүл шоқтарын қойды. –Бұл кешен туралы телеарна, газеттер арқылы хабардармыз. Ал өз көзіммен көріп, аралап тұрғаным осы. Алған әсерім ерекше. Асыл апаларымыздың қандай қиындық көргені, оларды қалай қорлағанын жанымызбен сезініп, олардың сондай қиындықтарға мойымай өз жұбайларын сатпаған қайсар рухына тәнті болдық, – дейді «Вагон-сервис» АҚ жолаушылар вагондарын жөндеу бойынша Ақмола филиалы техникалық бөлімінің бастығы Төлеш Усаев. Кешенді толық аралап шыққан теміржолшылар «Алжир» туралы  деректі фильмді көрді. Шараны ұйымдастырған «Қазпрофтранс» ҚБ «Астана» тораптық филиалының төрағасы Серік Сәрсекеевтің айтуынша, ұлттық компания қызметкерлері аталған кешенге жыл сайын келіп, боздақтарға тағзым етуді дәстүрге айналдырған.

Райхан РАХМЕТОВА