Арсен Байзақ, Жамбыл
Жаз – өрт қаупі жоғары
Оқуға 1 мин
Ия, жаз қашан да өрт қаупінің жоғарылығын ескертеді. Сондықтан, алдағы жаз айларында өрт қаупінің алдын алу үшін өртке қарсы жасақ пойыздарының дайындығын пысықтайтын аймақта екі жаттығу шаралары өтті.
Алғашқы оқу-жаттығу шарасы Шайқорық – Аса телімінің 24 шақырымында өтіп, онда Жамбыл өртке қарсы қызмет жасағы, Жамбыл ауданының орталығы Аса ауылындағы №6 өртке қарсы бөлім мамандары, Ірілендірілген Жамбыл жол дистанциясының еріктілері жол бойындағы өртті ауыздықтауда белгіленген талаптарға сай жұмыс жүргізді.
Сондай-ақ осындай жаттығу шаралары Луговой рельс дәнекерлеу кәсіпорнының аумағында отқа оранған алқапты сөндіру бойынша да өтті. Мұнда Шу өртке қарсы қызмет жасағы, аудан орталығы Құлан ауылындағы №10 өрт сөндіру қызметі, ПЧ-51 жол дистанциясының жолшылары қатысты.
– Екі жаттығу шараларында да мамандар жоғары дайындығын көрсетті. Алдағы жаз айларында өрттің алдын алу, орын алған жағдайда жасақтардың дер кезінде әрекет етуі мақсатында өткізілген жаттығуларда мамандардың біліктілігі пысықталып отыр. Ал бұл шаралар бекітілген кестеге сай жүргізілуде, – дейді Жамбыл өртке қарсы қызмет жасағының бастығы Жаныбек Дәулеталиев.