Маңғыстау темір жол вокзалы ғимараты сәуір айынан бастап Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесінің еншісіне өтті. Бұл қарт түбектің вокзалының қайта түлеуінің бастамасы болды. - Бұдан былай темір жол вокзалынан билет алатын немесе вокзал арқылы перронға шығатын, перроннан ғимаратқа кіретін адамдар қауіпсіздікті тексеру құрылғысынан өткізіледі. Бақылау аппараты вокзалдың алдыңғы және артқы есіктеріне орнатылып, 1 маусымнан іске қосылды. Қазір нысанның іші және сыртына әрлеу, кішігірім жөндеу жұмыстары аяқталып қалды. Екі күту залы жекеменшік нысандардан босатылды. Ғимараттың сыртқы жарық сымдары жаңартылып, Экспо көрмесінің баннерлері ілінді,-дейді Айгүл Әмірова. Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесі басшысының өндіріс бойынша орынбасары Аслан Назаров өңірде Маңғыстау және Бейнеу вокзалдарына биыл терроризмге қарсы іс-шаралар аясында қауіпсіздікті қадағалаушы құрылғы орнатылса, келесі жылы вокзал ғимараттарын күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отырғанын жеткізді.-Күрделі жөндеуге қажет қаражат есептеліп, сметалық құжаттары дайындалуда. Сондай-ақ Маңғыстау вокзалын үлкейту жөнінде де ұсыныстар берілді. Күніне бұл жерге 2-3 мыңның үстінде жолаушы келіп-кетеді. Экспоға байланысты олардың саны тағы да арта түспек,-дейді Аслан Назаров.