Ерман Әбдиев, Шу
Жұмыс орындарын құру қажет
Оқуға 2 мин
Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев Шу ауданында бірқатар теміржол мекемелерін аралады.
Шу қаласындағы темір жол вокзалының абаттандыру жұмыстарымен танысқан әкім «ЭКСПО-2017» көрмесі кезінде Шу вокзалы арқылы қатынайтын жолаушылардың күрт өсетіндігін және оларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруды тапсырды.
Темір жол вокзалының абаттандыру жұмыстары бүгінде өз деңгейінде жүріп жатыр. Қыс айларында – 300, ал жазда 1000 жолаушыға дейін тасымалдап, 35 жолаушылар пойызын және 40 жүк пойызын қабылдауға қауқарлы вокзал жаңаша келбетке енген. Нысанның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында үш бірдей тексеру құрылғысы және 19 бейнекамера тәулік бойына жұмыс істеуде.
Облыс әкімі сондай-ақ, Шу локомотив пайдалану депосы мен локомотив жөндеу зауытында болды. Бұл зауыт кезінде локомотивтерді техникалық жөндеуден өткізу, күрделі жөндеу, маневрлы локомотивтің қосалқы бөлшектерін дайындау және қалпына келтірумен айналысқан. Ал бүгінде заман талабына сай қолданысқа енгізілген жаңа электровоздар жөндеу жұмыстарын қажет етпейді. Сол себепті, зауытқа сұраныс күрт төмендеп, өндіріс ошағы тұралап қалған. Өңір басшысы қиындықтан шығудың жолын ойластыруды тапсырды.
–Тапсырыс жоқ екен деп қол қусырып отыруға болмайды. Жан-жақпен келіссөздер жүргізу керек. Одан бөлек, зауыт аймағындағы қаңырап тұрған нысандарды темір жол саласына керекті мамандар даярлайтын колледжге айналдыру жағын да ойлану керек. Ол жастарға теория мен практиканы ұштастыруға өте қолайлы болар еді, – деген Кәрім Нәсбекұлы маневрлы локомотивтің қосалқы бөлшектерін дайындау және қалпына келтіру бойынша жұмысты қайта жандандыру жұмыстарын жан-жақты зерделеуді тапсырды.
Ал Шу локомотив пайдалану депосында техникалық оқыту кабинеттерімен, 3D форматта сабақ беретін бөлмелерімен танысты.