Атырау теміржол вокзалында ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне мұнайлы аймақтан атанып бара жатқан алғашқы лекті салтанатты түрде жолға шығарып салды. Атырау облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы мен мұнай және газ университетінің елуден астам студенті ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін тамашалау үшін «Атырау – Астана» пойызымен елордаға аттанды. Бұл бүкіләлемдік көрмеге бара жатқан атыраулық студенттердің бірінші бөлігі ғана. Студенттер үш күндік бағдарлама бойынша алдымен ЭКСПО көрмесін тамашалап, Астананың әдемі жерлерімен танысады. Атырау мұнай және газ университетінің студенттік бөлім басшысы Ұлдай Қойбақованың айтуынша, ЭКСПО көрмесін тамашалауға, топ-топқа бөлінген студенттер айына екі-үш реттен жіберіліп тұрады. – Қыркүйек айына дейін университет бойынша екі мыңға жуық студенттеріміз халықаралық көрмені тамашалауға барады. Бүгінгі бара жатқан алғашқы топта негізінен белсенді, көшбасшы студенттер. Алдын-ала тур агенттікпен жасалған келісімшарт негізінде бізді күтіп алу, тамағы мен қонақ үйі барлығы университет қаржысынан болады. Бұл студенттердің бүкіләлемдік көрмені тамашалауына жасалған үлкен мүмкіндік, – дейді Ұ.Қойбақова. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Қарлығаш Бекбаеваның айтуынша, Атырау облысында бүгінге дейін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне 24 мың билет сатылды. Тағы да 28 мың билетті алу жөнінде келісімшарттарға қол қойылған. Мектеп оқушылары мен кәсіби-техникалық колледж студенттерінің Астанаға баруы үшін жергілікті бюджеттен арнайы қаржы бөлінген.