Сабырхан НӘДІРБАЕВ, Қызылорда
Қолайлы, қауіпсіз, сенімді...
Оқуға 1 мин
Сыр өңіріндегі жүк тасымалы легінің басым бөлігін атқаратын Қызылорда станциясында жүзге жуық теміржолшы жұмыс жасайды.
Станция теміржолшылары жыл басынан бергі бес айға бекітілген межені асыра орындап, 1074 вагонға 63 241 тонна жүк тиеп, жоспарды 117,01 пайызға артығымен орындаған. Және 4791 вагоннан 197 693 тонна жүк түсірген. Станцияның жұмысын негізгі пайдаланушы жергілікті агроөнеркәсіп және құрылыс компаниялары. Дегенмен аймақтағы жүк тасымалы үдерісін арттыру мақсатында станция ұжымы теміржол қызметінің қолайлы, қауіпсіз, сенімді және жүк тасымалын ұйымдастырудың қол жетімділігін клиенттеріне түсіндіру, ұйымдастыру жұмыстарын да ұдайы жүргізіп келеді.
Өңірдегі бірнеше мұнай кәсіпорындарының өз өнімдерін құбырмен жөнелтуге көшуі станцияның жүк айналымының төмен түсуіне әсер еткенімен, ұжым бекітілген межені еңсеруге күш салып келеді. Сыр бойындағы өзге де шетелдік және жергілікті кәсіпорындардың жүктерін теміржол бекеттерінде тиеп-түсіру үшін олармен қоян-қолтық жұмыс жасалуда. Бекеттегі техникалық операциялардың нәтижелі, тиянақты және кідіріссіз атқарылуы үшін станциядағы 16 станциялық жол, 76 бағыттық бұрма және 46 кірме жолдар жүк тиеп-түсіру жүмыстары, вагондарды қайта құрастыру және транзиттік жүк ағымының кідіріссіз өтуіне қызмет көрсетуде.