Ислам ТАЛҒАТ
Құрылыс қарқынын арттырмақ
Оқуға 2 мин
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Қанат Алпысбаев «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде екінші іске қосу кешені бойынша екінші жолдар құрылысы жалғасып жатқан Алматы-1 – Шу желісіне жұмыс сапарымен барып қайтты.
Бой көтеріп жатқан нысандарды тексеріп шыққаннан кейін, оның қорытындысы бойынша Отар станциясында шұғыл кеңес өтті. Оған ҚТЖ филиалдары басшылары қатысты. Қанат Алпысбаев кеңеске қатысқан барлық кәсіпорын басшыларына құрылыс қарқынын жылдамдатып, жылдың соңына дейін негізгі жұмыстарды аяқтап, нысандарды пайдаланушы ұйымдарға беру керектігін міндет етіп қойды. Бірінші кезекте, Компания басшысы жақын арада барлық телімде жер телімі құрылымы бойынша жұмыстарды күшейтуге, энергетика, СОБ және байланыс үшін жабдықтарды жеткізу және монтаждауға, сондай-ақ, екі өтпе жолды салуға басымдық беруді ұсынды.
Кеңес барысында құрылыс жұмыстарына жауапты бас мердігердің бірі «Теміржолжөндеу» ЖШС атына темір жол көлігі ардагері Қалтай Сәмбетов ескерту жасады. Оның айтуынша, соңғы уақытта аталған кәсіпорынның жұмысты күшейткенімен, кестеден кешігу бар екен. Сондықтан Жамбыл өңірі бойынша жұмысты ұйымдастыруда әбжіл қимылдап, еңбек резервтерін күшейту қажеттігін атап өтті. Өз кезегінде «Теміржолжөндеу» ЖШС бас директоры ардагер айтқан ұсынымдар түгел орындалатынына жиынға қатысушыларды сендірді. «Қарқынды жұмыспен маусымды аяқтап, шілдеде ауа-райының қолайлығын пайдаланып қалу керектігін» Компания басшысы құрылысшыларға қарата айтып, сөзін түйіндеді.